Министр – Мойынқұмда

0 186

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов  облымызға жұмыс сапары  барысында Мойынқұм ауданына да атбасын бұрды. Министр аудан орталығындағы №18 жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысу мақсатында келді. Бөлімше ғимараты 1987 жылы салынған. Арада 40 жылға жуық уақыт өткенде, аталған нысан алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп отыр. Жұмыс барысында ғимарат пен қызметтік үй-жайлар жаңғыртылып, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи қауіпсіздік талаптарына сай жаңарды. Жаңғырту жұмыстары өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері үшін заманауи қызмет жағдайын жасауға және халықтың қауіпсіздік жағдайын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

–   Біз бүгін Мойынқұм ауданында жаңғыртылып, ашылған өрт сөндіру ғимаратын көріп тұрмыз. Бұл – аудандағы маңызды өрт сөндіру бөлімшесі. Біздің міндетіміз осындай заманауи жабдықталған әрі қолайлы нысандардың еліміздің барлық ауылдарында болуын қамтамасыз ету. Біз барлық өңірлерде өрт сөндіру бөлімдерін кезең -кезеңімен жаңғыртуды жалғастырамыз, – деді Шыңғыс Сайранұлы құттықтау сөзінде.

Жиын барысында министр бірқатар азаматқа марапаттар мен төтенше жағдайға арналған жаңа көліктердің кілтін тапсырды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігінің құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалімен Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев марапатталса, облысымыздағы бірнеше аудандық өрт сөндіру бөліміне төтенше жағдайға бейімделген арнайы көліктердің кілті, №18 өрт сөндіру бөлімінің басшысына жаңа ғимараттың симиволикалық кілті табыс етілді.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі де сөйлеп, көпшілікті жаңа  ғимараттың ашылуымен құттықтап, облыс әкімінің ықыласын жеткізді.

– Бұл ғимараттың ашылуы – қауіпсіздік жолына жасалған маңызды қадам. Өртті сөндіру, төтенше жағдайлардан адамдарды құтқару жолында қатерге бас тігіп жүрген мамандардың істері – нағыз ерлік. Сондықтан өрт сөндіру саласын қолдаудың маңызы зор. Биыл облыс бойынша өрт сөндіру жұмыстарына 566 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Осы салада аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, — дей келе өрт сөндіру саласының озат маманы Мейірбек Серікбайұлына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар аталған сала қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхатына ие болса, бірқатар азаматқа арнайы автокөлік кілті табыс етілді.

Жиын барысында Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов сөз алып, шалғай ауданға атбасын бұрған Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімінің орынбасарына алғысын білдіріп, жаңа ғимарат аудан халқына зор қуаныш сыйлағанын, өте қажетті нысан екенін айтты.