Өз құқығыңды біл — өзіңді қорға!
Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда «Өз құқығыңды біл – өзіңді қорға!» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті. Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған бұл іс-шара «Адал азамат» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесудің басты мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ мектеп, ата-ана, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау мекемелерінің өкілдері, ата-аналар кеңесінің төрағалары мен ұстаздар қатысты.
Бүгінде жасөспірімдер көптеген қиындықтарға тап болуда. Құрдастар арасындағы жанжал, әлеуметтік желіге тәуелділік, депрессия, психоактивті заттарды пайдалану, буллинг, өзін-өзі танудағы қиындықтар, ерте жыныстық қатынас, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық – осының барлығы қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер. Ашық диалог барысында спикерлер жасөспірімдерге осындай сын-қатерлерді еңсеруге қалай көмектесу керектігі, олардың заңға бағынатын, саналы азамат болып қалыптасу жолдары туралы ой қозғады.
Жиын барысында сөз алған «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың өмірі бұрынғы ұрпаққа қарағанда әлдеқайда күрделі екенін атап өтті.
– Технологияның қарқынды дамуы жастардан бәсекеге қабілеттілікті, психоэмоционалдық тұрақтылықты және терең білімді талап етеді. Бұған жетудің жалғыз жолы – үздіксіз өзін-өзі дамыту. Өзіңді аямау керек, үнемі алға ұмтылып, дамуға талпыну қажет, – деді ол.
Сондай-ақ спикер өзін-өзі жетілдіру жолындағы маңызды факторлардың бірі – дұрыс орта мен достарды таңдау екенін айтты. Оның пікірінше, тәртіпке қарсы романтика көбіне деструктивті әрекеттерге алып келіп, болашаққа балта шабуы мүмкін. Сонымен қатар ол жастарды өз-өзіне құрметпен қарап, қыз балалармен қарым-қатынасқа байыппен қарауға шақырды. Себебі, ер адамның тәрбиесі мен жауапкершілігі оның айналасындағылармен қарым-қатынасынан көрінеді.
Іс-шара барысында басқа да спикерлер өмірлік жолды таңдау, тұлғалық даму, зорлық-зомбылық пен зиянды әдеттердің алдын алу сынды маңызды тақырыптарды қозғады.
Кездесу аясында «Адал азамат – жарқын болашақ!» атты сахналық қойылым, шығармашылық көрмелер мен ашық пікірталастар ұйымдастырылды. Қатысушылар балалар құқығын қорғау, буллингтің алдын алу және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілікті болдырмау мәселелерін талқылады. №45 гимназияның оқушылары «Буллингке қарсы қалқан» жобасын таныстырса, №49 мектеп-гимназиясының мұғалімдері «Менің құқықтарым бар! Менің міндеттерім де бар!» тақырыбында тренинг өткізді.
№45 мектептің президенті Арман Муслим өз құқықтарын жүзеге асырудың маңызын жақсы түсінетінін айтады. Ол мектептегі сайлау науқанына дайындық барысында көптеген құқықтық мәселелерді зерттеген.
– Құрдастарымның басты мәселесі – өз-өзіне сенімсіздік. Олар тым көп ойлайды, өз мүмкіндіктеріне күмәнмен қарайды. Мұның алдын алу үшін мақсат қойып, соған жету керек. Бұл жолда үлкендердің көмегі маңызды, өйткені олардың өмірлік тәжірибесі мол. Ал, эмоциялық қиындықтарды еңсеруге психологтар көмектеседі, сондықтан олардан көмек сұраудан қорықпау қажет, – дейді Арман.
Жас көшбасшы болашақта деректі және көркем фильмдер режиссері болуды армандайды. Қазірдің өзінде ол сыныптастарымен бірге мектеп өмірі туралы бейнебаяндар түсіріп, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктері жайлы подкасттар әзірлеп жүр. Бұл материалдар мектептің ресми арнасы мен «Instagram» парақшасында жарияланады.
Ашық диалог алаңында №16 орта мектептің оқушылары өңірдегі барлық балалар мен жасөспірімдерге үндеу жасады. Олар заңға құрметпен қарау, тәртіп пен қауіпсіз болашақ үшін әрбір оқушының белсенді болуы маңызды екенін атап өтіп, ортақ құндылықтарды қорғауға шақырды.