Полиция қызметкері – әлем кубогының жеңімпазы

0 96

Жамбыл облысының абыройын асқақтатқан тағы бір жарқын жеңіс тіркелді. Облыстық Полиция департаментінің Тылдық қамтамасыз ету басқармасында қызмет атқаратын Арафат Мырзағали каратэден өткен Әлем кубогында топ жарып, алтын жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Беделді халықаралық дода Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ұйымдастырылып, оған әлемнің 10 мемлекетінен келген 500-ге жуық ең мықты спортшы қатысты. Жоғары деңгейде өткен жарыста әрбір жекпе-жек тартысқа толы болып, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен төзімділігі сынға түсті.

Сайыс барысында Арафат Мырзағали қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, өзінің жоғары техникалық және тактикалық дайындығын дәлелдеді. Нәтижесінде ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Әлем кубогының жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, чемпион қазіргі таңда спорт шеберіне үміткер (СШҮ) мәртебесіне ие. Қызмет пен спортты қатар алып жүрген полиция қызметкерінің бұл жетістігі – табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын көрінісі.

Арафат Мырзағалидың жеңісі Жамбыл жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш. Ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшыға алдағы жарыстарда да толағай табыс тілейміз.