Әлеуметтік әділеттілік – прокуратура назарында

0 211

Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Осы бағытта Тараз қаласының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде заң талаптарын бұза отырып азаматтар тарапынан заңсыз иеленілген, нарықтық құны жүз миллион теңгеден асатын он пәтер анықталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Анықталған деректер бойынша прокуратура тарапынан тиісті қадағалау шаралары қабылданды. Соның бірінде қала прокурорының бастамасымен апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзып, құны он бес миллион теңгені құрайтын екі бөлмелі пәтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы қаулы шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, азамат аталған пәтерді қала тұрғынынан қолхат арқылы алған. Кейіннен ол өзін пәтердің заңды иесі ретінде көрсетіп, сотқа меншік құқығын тану туралы талап арызбен жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырғанымен, апелляциялық сатыда талапкердің пәтерді заңды түрде сатып алғанын және онда жеті жыл бойы үздіксіз тұрғанын растайтын құжаттарды ұсынбағаны анықталды. Осыған байланысты сот шешімі қайта қаралып, пәтер мемлекетке қайтарылды.

Бұдан бөлек, қала прокуратурасы иесіз мүліктерге қатысты шаралар қабылдау үшін қала әкімдігіне қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде нарықтық құны отыз миллион теңгені құрайтын үш мүлікке – екі пәтер мен бір тұрғын үйге жер учаскесімен қоса иесіз және коммуналдық меншік құқығын тану туралы талап арыздар сот тарапынан қанағаттандырылды. Тағы үш пәтер бойынша талап арыздар қазіргі уақытта сотта қаралу үстінде.

Сонымен қатар тіркеу органдары арқылы үш пәтер иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Айта кету керек, екі мың жиырма бес жылдың сәуір айында Тараз қаласының прокуратурасы мемлекет меншігіне барлығы он пәтерді қайтарды.

Қазіргі таңда аталған тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.