Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі $4,2 млрдқа жетті
Өткен жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі $4,2 млрд-қа жетті. Осы көрсеткішті ұлғайту жолдары Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің америкалық инвесторлармен кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге АҚШ сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия бойынша аға вице-президенті Хуш Чоксин, сондай-ақ Chevron, Meta, Apple, Coca Cola, Mastercard және Amway компанияларының өкілдері қатысты.
Серік Жұманғарин Америка Құрама Штаттарының Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту елдің сыртқы экономикалық саясатының басым бағыты екенін айтты. Оның айтуынша, тараптар алдағы жылдары тауар айналымын еселеуге толық мүмкіндікке ие.
Қазіргі таңда Қазақстанда АҚШ капиталының қатысуымен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан бері тартылған тікелей инвестициялар көлемі $51 млрд-тан асты. Ірі америкалық компаниялар – Chevron, ExxonMobil, Pfizer, General Electric, Wabtec – мұнай-газ, фармацевтика, энергетика және машина жасау салаларына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Әңгіме барысында америкалық тарап жаңа салық кодексі, заңнаманы жетілдіру, туризмді дамыту, саудадағы кедергілерді азайту сияқты мәселелерді көтерді. Қазақстандық тарап аталған сұрақтарға толыққанды түсініктемелер берді.
Жиын соңында Серік Жұманғарин америкалық инвесторларды Қазақстандағы мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырып, жаңа бастамаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.