Күн тәртібінде – жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құқық қорғау органдары мен басқарма басшыларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, өңір бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілдің басын қосып, кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда суицид, құқықбұзушылық, қылмыс, зорлық-зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу шараларына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Жанаевтың, білім басқармасының басшысы Н. Оршыбековтің, денсаулық сақтау басқармасының басшысы С. Назарбектің, Байзақ ауданының әкімі О. Баққараевтың және басқа да жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.
Ербол Қарашөкеев облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары әлсіз әрі тиімсіз жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұған дейін тіркелген деректерді терең талдауды тапсырды.
– Өңірімізде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп барады. Бұл – қоғам үшін дабыл қағатын, аса алаңдатарлық жағдай. Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын-алу, себебімен күрес жұмыстары өз нәтижесін бермей отыр, – деген облыс әкімі білім беру ұйымдары мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға атсалуы тиіс Ақсақалдар, Аналар және Қоғамдық кеңестердің «Әжелер» мектебі мен үкіметтік емес ұйымдардың деңгейі мен әлеуетіне барынша назар аудару қажеттігін ескертті.
– Баяндамашыларды тыңдасақ, ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқан секілді. Бірақ, нәтижесін көріп тұрған жоқпыз. Жұмыс тек есеп беру немесе рейтинг қуалау үшін емес, шынайы нәтиже үшін жүргізілуі керек. Себебі, балаларымыздың өмірінен қымбат ештеңе жоқ! Зерделеу жұмыстары кезінде жанұялардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ерекше назар аудару қажет. Толық емес отбасындағы әр балаға жеке жоспар жасалып, тиімді шешімдер қабылдануы тиіс, – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша Байзақ, Талас, Шу, Қордай ауданы әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырған Ербол Қарашөкеев салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарларынан, жауапты тұлғалардан құрғақ сөз емес, нақты қадамдар күтетінін тағы бір мәрте еске салды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен балалардың болашағы мен елдің келешегі үшін үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Өңіріміздің өзінде жыл сайын мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңа білім беру нысандары салынуда. Осыны ескерсек, білім сапасына, педагогтердің біліктілігіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы тиіс, – деді облыс әкімі.