Өлеңмен өрілген өмір

0 59

Қоғамға жылулық пен мейірім дарытатын асыл құндылықтардың бірі – рухани байлық. Сол рухани әлемге өлшеусіз үлес қосып жүрген қаламгер қауым ел ықыласына бөленіп, ұлт руханиятының темірқазығына айналуда. Осындай ардақты есімдердің қатарында Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова бар. Күні кеше ғана Меркі төрінде ақынның 80 жасқа толуына арналған мерейтой жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел есінде қаларлық рухани кешке ұласты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мерекелік іс-шара Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Елім деп өткен ердің рухына тағзым еткен көпшілік тағылымды бастамадан соң, аудандық Мәдениет үйінің фойесінде орналасқан «Ақ Шырын, ақын Шырын, ана Шырын» атты кітап көрмесін тамашалады. Көрмеден ақынның өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен әдеби жолы кеңінен көрініс тапқан.

Осыдан кейін негізгі мерекелік жиын – «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кешке жалғасты. Кеш тізгінін облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, танымал ақын Хамит Есаман ұтымды жүргізіп отырды.

Кеш барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ақжарма құттықтау хатын әкім аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев оқып берді. Құттықтау хатта ақынның ел руханиятына сіңірген еңбегі, поэзиядағы дара қолтаңбасы мен азаматтық ұстанымы ерекше аталып өтілді.

Кеш шырайын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі ақын Мереке Құлкеновтің ақжарма лебізі аша түсті. «Шырын ақын – ауылда жүріп, үлкен әдеби ортаны мойындатқан сирек талант. Ол – Меркіден тамырын үзбей, Алматы мен Астанадағы мықты ақындармен иық теңестіре білген қаламгер» – деді ол.

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов та сөз сөйлеп, елінің рухын көтеріп, жырын өрнектеген Шырын ақынға жүрекжарды ықыласын білдіріп, құрмет көрсетті.

Салтанатты кешке арнайы келген қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің де жылы лебізі көпшілік көңілінен шықты. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ақын-жазушылар Ғалым Қалибек, Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, тележурналист Ботагөз Исмайл, ақын Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Мерейлі кешке Меркі ауданының Құрметті азаматтары, өңір белсенділері мен ардагерлер, ақынның замандастары мен шәкірттері қатысып, кештің көрігін қыздырды. Ал, облыстық филармония әншілері мен «Меркі әуендері» ансамблі ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдарман жүрегін тербетті.

Мерейтой аясында ақынға арналған жас ақындар мүшәйрасы да ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орынды Камила Қанатбекқызы, екінші орынды Әлия Отарбаева, ал үшінші орынды Ерасыл Төлеу иеленді. Марапаттарды ақынның өзі және халық ақыны Өмірбек Қабыловтың қызы Әшіркүл Өмірбекқызы табыстады.

Кеш соңында сахна төріне көтерілген Шырын Бөкейқызы тебірене сөйледі. «Тағдыр мені көп сынады. Бірақ, мен өлеңмен өмір сүріп, өлеңмен еңсемді тіктедім. Қиындықта да, қуанышта да сырласым – жыр болды. Қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз!» – деді ақын.

Кештің соңғы нүктесін «Жерұйығым – Меркім» әні қойды. Бұл туындыны жұртшылық тік тұрып тыңдап, ақынға шынайы құрметін білдірді.

Шырын Мамасерікова – қазақ поэзиясының биігіне өз өрнегін салған, ел мен жерге деген махаббатын жырға қосқан, ұлттың үніне үн қосқан дара тұлға. Оның жырлары мен жолдаған рухани мұрасы келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.