«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы нәтижелі өтті

0 24

Облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция тобының инспекторлары – полиция майоры Азат Пірматов пен аға инспектор, полиция майоры Оксана Семёнова қатысқан баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Брифингте спикерлер ағымдағы жылдың 27–29 шілде аралығында облыс аумағында өткен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу іс-шарасының мақсат-міндеттері мен нәтижелері туралы баяндады.

Азат Жанабекұлының айтуынша, бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сай, жүзеге асырылған.

– Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруінің жолын кесу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді болдырмау, – деді спикер.

Іс-шара барысында облыс аумағындағы ішкі істер органдарына 281 кәмелетке толмағандар жеткізілген, оның ішінде 279-ы түнгі уақытта анықталған. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 7 жасөспірім кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына орналастырылды.

Оксана Владимирқызы брифинг барысында атқарылған нақты жұмыстар мен құқықтық шаралар жайында мәлімет берді.

– Үш күн ішінде полиция қызметкерлері есепте тұрған 195 жасөспірімді тұрғылықты жері бойынша тексеріп шықты. 21 жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 7 ата-ана есепке алынды. Сонымен қатар, «Мүлдем төзбеушілік» қағидасы аясында 317 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, ата-аналарға қатысты 25 құқықбұзушылық ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша тіркелсе, 279 дерек 442-бап бойынша – яғни кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені үшін рәсімделді, – деді полиция майоры.

Сондай-ақ брифингте үш күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында 113 материал жарияланғаны айтылды. Оның 100-і – интернет платформаларында, 13-і баспа басылымдарында жарық көрген.

Полиция департаментінің өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары тұрақты түрде жалғасын таба беретінін және ПД басшылығының жіті бақылауында болатынын атап өтті.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.