Жамбылда полицейлер жасөспірімдер қауіпсіздігін бақылауға алды

0 128

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Шара аясында құқық қорғау органдары білім беру мекемелерінде, көше-жол желілерінде және әлеуметтік желілерде тәртіпті күшейтіп, бақылау жұмыстарын белсенді жүргізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының назарына іліккен кәмелетке толмағандарға және олардың ата-аналарына ерекше назар аударды. Мониторинг барысында Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы көлік базарында жасөспірімдердің жол бойына шығып, көлік жарнамалау арқылы қызмет көрсеткені анықталды. Балалардың бұл әрекеті жол қозғалысына қауіп төндіріп, өз өмірлерін де қатерге тігіп отырған.

Тәртіп сақшылары бұл жағдайға жедел әрекет етті. Кәмелетке толмағандардың заңды екі өкілі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, барлық ата-аналармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында полиция бөлімшелеріне 1404 жасөспірім жеткізілді. Жасалған 1440 әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша 147 жағдай және 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімін сату бойынша 13 дерек тіркелді.

Түнгі сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты 1207 ата-ана мен 29 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық есепке 37 қолайсыз отбасы және 63 жасөспірім алынды.

Жамбыл облысы полиция департаменті бұл рейдтің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықты азайту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырып, өскелең ұрпақты қорғауға ықпал етеді.