Жамбыл облысының ПД бастығы оқушылармен кездесті
Тараз қаласындағы №30 мектепте ерекше форматтағы кездесу өтті. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев оқушылармен ашық сұқбат өткізіп, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Кездесу барысында оқушыларға қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениеті, жолдағы қауіпсіздік ережелері мен интернеттегі қауіп-қатерлер туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда нығайтудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Ашық әңгіме барысында білім ордаларындағы буллинг, бопсалау, жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тарту секілді өткір мәселелер де қозғалды.
— Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Білімдеріңіз, тәрбиелеріңіз және Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз біздің ертеңімізді айқындайды, — деді Бақытжан Малыбаев оқушыларға арнаған сөзінде.
Іс-шара барысында оқушылар түрлі сұрақтар қойып, полиция қызметінің қыр-сырына қанықты. Атап айтқанда, “Полиция қызметкері қандай қасиеттерге ие болуы керек?”, “Қауіпті жағдайлармен қаншалықты жиі бетпе-бет келеді?” деген сауалдар қойылып, нақты мысалдармен жауап берілді. ПД бастығы кәмелетке толмағандар тарапынан тіркелген қылмыстық оқиғалар туралы да ашық айтып өтті.
Кездесу соңында оқушыларға құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндіретін қысқа бейнероликтер көрсетілді. Ең белсенді оқушыларға Полиция департаменті бастығы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» атты танымдық кітабы сыйға тартылды.
Мектеп ұстаздарының айтуынша, осындай ашық форматтағы кездесулер жасөспірімдердің құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, уақытында көтерілген мәселелер арқылы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға ықпал етеді.
Іс-шара «Жасөспірім» жедел-профилактикалық шарасы аясында өтті. Полиция департаментінің бастығы осы орайда мектептегі «дабыл түймесі» мен бейнебақылау камераларының жұмысын да тексеріп шықты.