Студенттер заманауи ұшқышсыз аппараттармен танысты
Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік қолдану бойынша оқу орталығында ашық есік күні өтті. Әскери бөлімге Жамбыл жоғары инновациялық колледжінің студенттері арнайы барып, заманауи әскери техникалармен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Қонақтарды бөлім командирі, полковник Шохан Мұсабеков қарсы алып, оқу орталығының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Ашық есік аясындағы экскурсияны бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Қайрат Мұқашев жүргізді.
Іс-шара барысында студенттер тек заманауи ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тамашалап қана қоймай, еліміздің әуе кеңістігін қорғап жүрген әскерилермен еркін әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды.
Жамбыл жоғары инновациялық колледжінің әскери даярлық жетекшісі, запастағы майор Жақыпжан Тұрапов бөлім басшылығына алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралар жастардың патриоттық рухын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.
– Студенттеріміз үшін бұл үлкен тәжірибе әрі естен кетпес әсер қалдырған іс-шара болды. Олар тек техниканы ғана көріп қоймай, өз өмірін ел қорғанына арнаған әскери қызметшілермен тілдесіп, нақты жауапкершіліктің не екенін түсінді, – деді Жақыпжан Тұрапов.
Айта кетейік, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға арналған бұл бөлім – еліміздегі бірегей әскери құрылымдардың бірі. Мұндағы мамандар заманауи әскери технологияларды меңгеріп, Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.