Биыл қай өңірдің жолдарына жөндеу жүргізілетіні айтылды

0 231

Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлім қылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

«Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл — Жезқазған (703 шақырым), Қандыағаш — Шалқар (246 шақырым), Жаңаөзен — Түрікменстан шекарасы (156 шақырым), Қарағанды — Аягөз — Боғас (452 шақырым) толық жөндеуден өтеді. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда — 91%-ды құрайды», деді министр.

Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау — Майқапшағай (405 шақырым), Күрті — Қонаев (67 шақырым), Қызылорда — Жезқазған (398 шақырым) және Ұзынағаш — Отар (42 шақырым) құрылысы жалғасып жатыр.

Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл отандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.