Үш туристік аймақта жаңа әуежай құрылысы басталды
2025 жылы Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Президент тапсырмасына сай жүргізіліп отырған жобалар өңірлердің экономикасына серпін беріп, туризмді түлетуге сеп болмақ.
Жаңа әуежай терминалдарының салынуы жергілікті халықты жұмыспен қамтып, шетелдік туристердің қатарының қалыңдауына мүмкіндік береді.
2024 жылы елімізде үш жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілді. Мәселен, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті ұлғайтылған.
Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының объектіні өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн. жолаушыға дейін өсіп отыр. Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air, Fly Arystan рейстері Қазақстанның 19 қаласына тұрақты ұшады. Ал халықаралық әуе қатынасын әлемнің 26 елінде 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания орындайды.
Шымкент қаласы әуежайы жаңа терминалының жылына 800 мыңнан 6 млн. жолаушыға дейін қызмет көрсете алуға қауқарлы. Жаңа терминал халықаралық әуе маршруттарының санын 10-ға, рейстерді аптасына 24-ке дейін арттырды. Джидда, Медина (КСА), Доха (Катар), Фукуок (Вьетнам) және Пхукетке (Тайланд) әуе қатынасы ашылды.
Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 млн. жолаушыға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан 25 ішкі рейс орындалып жатыр.
«SKYHANSA» қазақстан-германдық компаниясы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қуаты сағатына 500 адамға дейінгі жолаушылар терминалын, сыйымдылығы 550 000 тоннаға дейінгі отын қоймасын, жүктерді 250 000 тоннаға дейін толық өңдейтін жүк терминалын салу, әуе кемелеріне қызмет көрсету авиациялық-техникалық орталығын құру бойынша жоба іске асырылуда. Сондай-ақ 300-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, халық үшін туристік, сауда, ойын-сауық қызметтерін дамыту жоспарланған.
Соңғы жылдары әуе көлігі жолаушылар үшін ыңғайлы әрі тартымды болуда. Мысалы, Қазақстанда жыл сайын әуе тасымалы 10-15% артып келеді. 2024 жылы отандық авиакомпаниялар 15 миллионға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 миллион жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі — жылына 28 мың тоннаға ұлғайған.