Мемлекет басшысының тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы тиіс

0 215

Жамбыл облысындағы Тараз, Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап пен 54 ауылдық елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, ауызсу нысандарының құрылысы мен кешенді блок-модуль орнату жұмыстарының талдау қорытындыларымен бөлісті.

Ағымдағы жылы 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапқа тіршілік нәрін тарту, 16 елді мекеннің ауызсу жүйелерін қалпына келтіру жоспарланған. Нәтижесінде халықты ауызсумен қамту деңгейі қалаларда 98,8 пайызға (2023 ж. — 97,5%), ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға (2023 ж. — 94,9%) жетуі тиіс.  

1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 ауылдық елді мекен ауызсумен қамтылды. Басқосуда Ербол Қарашөкеев ауызсумен қамтудың төмен деңгейі қалыптасқан аудан әкімдерінен есеп алып, құрылысы кешеуілдеген жобаларды жіпке тізді. Бұдан бөлек, ауызсуға қатысты тұрғындардың шағымына назар аударды.

Мемлекет басшысы халықты 2025 жылдың соңына дейін 100 пайыз ауызсумен қамту бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс. Уақыт өте тығыз, — деді облыс әкімі.

Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауға ала отырып, ауызсу нысандарының сапалы әрі мерзімінде тапсырылуына ерекше көңіл бөлу, келесі жылдың еншісіндегі жобаларды жете пысықтау тапсырылды.