Эфиопияда көшкін жүріп, 157 адам көз жұмған

0 518

Адамдарды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

«Newscentral.africa» басылымының хабарлауынша, сейсенбіде үкімет өкілдері Эфиопияның оңтүстігінде болған екі көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 157-ге дейін өскенін мәлімдеген. Көз жұмғандар саны әлі де артуы мүмкін.

Айта кетейік, табиғи апат Эфиопияның оңтүстігіндегі Гофа аймағында болған.

Ел шенеуніктерінің айтуынша, жалпы екі көшкін болған. Бірінші көшкіннен кейін тұрғындар зардап шеккендерге көмекке асыққан, бірақ олар екінші көшкіннің астында қалып қойған.

«Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, әлі де табылмағандар бар. Аудан өте күрделі. Осы уақытқа дейін екі ауылдан 157 мәйітті шығардық. Марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін деп ойлаймыз», деді Гофа аймағындағы табиғи апаттарды жою жөніндегі Ұлттық агенттік басшысы Маркос Мелес.

Анықталғандай, көз жұмғандар арасында әйелдер мен балалар саны басым.