Жедел жәрдем қызметкерлері әйелді үйінде босандырып алды

0 127

Алматы облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері Қарасай ауданының Іргелі ауылының тұрғынын үйінде босандырып алды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Шақыртуға жедел жәрдем көлігі 20 минутта жеткенмен әйелдің толғағы 2 сағат бұрын басталған екен. Олар жүктіліктің 39-40-шы аптасына жеткен әйелді үйінде босандырып алуға мәжбүр болған. Шұғыл шақыру орнына 19/23 бригада фельдшері Мақпал Құнафина мен қосалқы фельдшер Бахытгүл Рысмендиева барған.

«Келе салып науқасқа жедел медициналық жәрдем көрсеттік. Шақырту түскен кезде диспетчер толық мәліметті берген болатын. Уақытты созбай бірден босандарып алуға көштік», дейді 19/23 бригада фельдшері Мақпал Құнафина.

Жедел медициналық көмектің арқасында 19/23 бригадасы әйелді аман-есен босандырып, Қаскелең аудандық ауруханасына жеткізді. Қазір жаңа босанған әйел мен оның сәбиінің жағдайы жақсы.

Айта кетейік, Алматы облысының халық саны 1 млн 582 мың 52 адам. Соңғы 6 айдың ішінде облыстық жедел жәрдем қызметкерлері 327 мың 566 шақыртуға қызмет көрсеткен.