1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәртібі өзгереді

0 8

1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларын бағалауға қатысты жаңа тәсіл енгізіледі. Енді бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді. Оның орнына әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жүргізіледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл өзгеріс оқушылар мен мұғалімдерге түсетін бағалау жүктемесін азайтып, баланың тек білімін ғана емес, алған дағдыларын да ескеруге бағытталған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте педагог-шебер Жанар Жақсылықова жаңа жүйенің ерекшеліктерін түсіндірді.

Бұған дейін бөлім бойынша жиынтық бағалауға 15–20 минут бөлінсе, жаңа форматта аралық бағалау жұмысына толық сабақ уақыты беріледі. Осылайша оқушы тапсырманы асықпай орындап қана қоймай, өз білімін және дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады.

Ал 2-4 сыныптардағы қалыптастырушы бағалау жүйесі өзгермейді. Оқушылар бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша бағаланады.

Мұғалімнің бағасы бір ғана тапсырманың нәтижесіне емес, оқушының сабақ бойындағы жұмысына қарай қойылады. Атап айтқанда, сабақтағы жауаптары, өзіндік жұмысы, жұптық және топтық тапсырмалары, үй жұмысы және басқа да белсенділігі ескеріледі.

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына басқа да өзгерістер енгізіледі. 5-7 сынып оқушыларына «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп» міндетті курсы енгізіледі. Сонымен қатар 5-11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсын оқиды.