Жеңіл пайданың ауыр зардабы

0 121

«Qnet» еліміздегі қаржы пирамидасының белгілері бар, көшбасшы компаниялардың бірі. Қазақстанда осы сынды көптеген ұйымдар жыл санап артып, халықты жапа шектіруде. Басшылары мен ұйымдастырушылары құрықталып, шындық шымбайымызға батып жатса да, неге әлі ақ пен қараны айыра алмаудамыз?!, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Цифрлық технология дамып, әлем интернет саласына бет бұрып жатқаны елімізге пайдасынан бөлек, өз зиянын да әкелудеа. Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарататындар, халыққа арам ой салып, жеңіл пайда табуды насихаттайтындар көбейіп жатыр. Өздерін «халық жанашыры» санайтын желі белсенділері мен блогерсымақтар, болар-болмас ақша үшін, кейбіреулердің өмірін өксітіп жатыр. Соңғы жылдары оңай ақша табуға үйрететін, еңбек етпей-ақ, еліміздегі ең қалталы азаматқа айналдырамын деп құрғақ уәде беретін, қаржы пирамидаларына қосылуға насихаттайтын интернет алаяқтар өз діттегендеріне жетуде.

Қаржы пирамидасы дегеніміз — азаматтардан заңсыз ақша алудың ең белгілі әрі таралып кеткен әдісі. Қаржы пирамидасының ең басты белгісі — адам айтқысыз пайданы, үстеме табысты уәде ету. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырылып қалу қаупі өте жоғары. Бастапқыда өздерін жетістікке жетіп отырған, жетекші компания ретінде таныстырып, аз уақыттың ішінде көптеген қаржыға қол жеткізуге уәде береді.

Елімізде қаржы пирамидасы ретінде танылған ұйымдар жетерлік, соның бірі әрі бірегейі – «Qnet». «Qnetтің» тарихы тереңде жатыр, қаншама жылдар бойы, халықтың санасын улап, қарызға батырып кеткендер саны ұшан-теңіз. Барлығымызға белгілі, осы қаржы пирамидасын жарнамалап, өз түбіне өздері жеткендерді де желілерден көрудеміз. Бірақ, таңқаларлығы — қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркі бойынша жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылары бірінен соң бірі ұсталып жатса да, жапа шегушілер саны азаймауда.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда сотталғандардан зардап шеккендер саны көп болып тұр. Қаншама пирамида белгісі бар компания анықталғанымен, халық әлі де алданып қалуларын жалғастыруда. Бұл қара жарнаманың әсері ме әлде халықтың оңай пайдаға деген әуестігі ме?! Күнделікті жаңалықтардан, әлеуметтік желідегі сайттардан дәл осы пирамидалық ойынның құрығына түсіп, кейбір танымал азаматтар мен кәсіпкерлер оны жарнамалап, отбасыларынан айырылуда, талай күндері мен түндері теміртордың ар жағында өтуде, мал-мүліктері тәркіленіп, бала-шағасының болашағына нұқсан келуде. Қоғамның дертіне айналған осы тақырыпты тарқата жаза бастағанымда, мыңдаған жас жеткіншектер мен ересектердің басынан өткергендерін оқып, жағамды ұстадым, кейбіріне жанымда ашыды. Бұл дегеніміз жұмыссыз жастардың жанайқайына да келіп тіреліп тұр емес пе?!