Жас спортшылардың шеберлігін шыңдауда
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында №6 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 2025–2026 оқу жылындағы жұмыстары мен жетістіктеріне арналған брифинг өтті. Жиында спорт мектебінің басшысы Марат Кененбайұлы Мәзімбаев атқарылған жұмыстарды саралап, жас спортшылардың жетістіктері мен алдағы міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жамбыл өңірінде спорттың бұқаралық сипатын арттырып қана қоймай, ел намысын халықаралық деңгейде қорғайтын спортшыларды даярлауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағытта №6 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің де өзіндік орны бар.
Марат Мәзімбаевтың айтуынша, бүгінде спорт мектебінде алты спорт түрі бойынша оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылған. Атап айтқанда, бокс, кикбоксинг, таэквондо WT, дзюдо, грек-рим және қазақ күресі бағыттары бойынша 591 спортшы тұрақты түрде жаттығады.
Жас спортшылардың шеберлігін шыңдауда білікті жаттықтырушылардың еңбегі айрықша. Қазіргі таңда спорт мектебінде 35 жаттықтырушы қызмет атқарады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары деңгейдегі жоғары, бірінші және екінші санатты мамандар бар. Бұл спортшылардың кәсіби тұрғыда даярлануына мүмкіндік беріп отыр.
– Спортшыларымыздың жетістігі – күнделікті еңбектің, тәртіптің және жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нәтижесі. Басты мақсатымыз – жас спортшылардың әлеуетін толық ашып, олардың республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсетуіне жағдай жасау, – деді Марат Мәзімбаев.
Нәтиже де көңіл қуантады. 2025–2026 оқу жылында спорт мектебінің тәрбиеленушілері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, кикбоксшылар әлем кубогында 3 алтын және 1 күміс медаль еншілесе, Азия чемпионатында боксшылар 1 күміс, 1 қола, кикбоксшылар 2 алтын, 3 күміс және 1 қола, ал грек-рим күресінің өкілі 1 қола жүлдеге қол жеткізген.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында спортшылар 7 алтын, 7 күміс және 7 қола медаль иеленді. Халықаралық турнирлерде 8 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алса, Жамбыл облысының чемпионаттарында 24 алтын, 20 күміс және 18 қола медаль қоржынға түскен.
Жетістіктер мұнымен шектелмейді. 2026 жылы спорт мектебінің 2 тәрбиеленушісі Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаған. Ал 51 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атанған. Бұл көрсеткіштер мектепте спорттық резервті даярлау жұмысының нәтижелі жүргізіліп отырғанын аңғартады.
Жас спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуіне материалдық-техникалық жағдайдың да әсері мол. Осыған байланысты спорт мектебінің базасын жақсартуға да басымдық берілуде. Басшының мәліметінше, 2025 жылы спорт мектебіне 248 миллион 916 мың теңге қаржы бөлінген. Оның 53 миллион 741 мың теңгесі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бағытталған. Ал 2026 жылы жалпы 244 миллион 987 мың теңге қарастырылып, оның 32 миллион 92 мың теңгесі спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуына жұмсалмақ. Сонымен қатар спорт мектебінің бокс залы, киім ауыстыратын бөлмелері, тренажер залы, әжетхана және жуынатын бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғимараттың кіреберіс бөлігі, футбол алаңшасы мен орындықтар да сырланып, нысанның сыртқы келбеті жаңартылған.
Спортшылардың нәтижесін арттыру тек жаттығу барысымен шектелмейді. Оқу жылы бойы жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған әдістемелік жұмыстар да ұйымдастырылған. Ашық сабақтар, семинарлар мен әдістемелік кеңестер өткізіліп, жас мамандарға тәжірибелік тұрғыда қолдау көрсетілген. Сондай-ақ жарыстарға дайындықты күшейту, оқу-жаттығу жиындарының сапасын арттыру және спортшылар арасындағы тәртіпті бақылау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылған.
Брифинг барысында Марат Мәзімбаев алдағы кезеңдегі басым бағыттарға да тоқталды. Оның айтуынша, спортшылардың халықаралық аренадағы нәтижесін арттыру, спорттық резервті күшейту, жаттықтырушылардың біліктілігін көтеру, бұқаралық спортты дамыту және материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту негізгі міндеттердің қатарында.
Жалпы, №6 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бір оқу жылындағы көрсеткіші жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Халықаралық және республикалық додаларда топ жарған жас спортшылардың қатарының көбеюі – олардың ғана емес, бапкерлердің де тынымсыз еңбегінің жемісі.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спорт мектебінің жұмысына қатысты сауалдарын жолдап, сала маманынан өздерін толғандырған мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды.