Жасөспірімдер аудан намысын қорғайды
№31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай 2005-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық іріктеу жарысы өтті. Жарысқа аудан бойынша елуге жуық балғын спортшылар 7 салмақ бойынша бақ сынады.
Карантиндік талаптарға сай, тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша 55 келіде Ж.Бескемпір, 72 келіде А.Сары, 81 келіде Д.Сұлтан сондай-ақ, Ақкөл ауылдық округінен Ж.Бақытұлы (46 келі), Е.Дүйсенәлі (57 келі), Е.Тұрған (64 келі), Е.Ермек (+81 келі) жарыс жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге берілетін жолдаманы иеленді.
Жас боз кілем шеберлерінің талаптарын ұштап, тұғыр биігінен көрінуіне тер төккен С.Отыншиев, Д.Қалаубеков, Н.Әйтенов сынды жаттықтырушылардың еңбектерін айта кетуіміз керек.
Қарсыластарынан басым түскен жас балуандар алдағы уақытта Қордай ауданында өтетін облыстық іріктеуде аймақ намысын қорғайтын болады. Жерлестерімізге сәттілік серік болсын!
Aulieatanews, Талас ауданы.