Жамбылдағы жаңа өндірістер ел экономикасын өрге сүйрейді
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрі Олжас Бектенов өңірдегі бірқатар ауқымды жобалармен танысып, Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісін арттыру және қайта өңдеу саласының қарқынын күшейту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Сапар барысында Премьер-Министр Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға назар аударды. АЭА аумағында химия, машина жасау, металлургия, энергетика және өңдеу өнеркәсібі салаларында 18 компания жұмыс істеп жатыр. 2024 жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 506 миллиард теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 850 миллиард теңгеге дейін артады деп күтілуде. Экономикалық аймақта газ, электр қуаты, су желілері мен теміржол кірме жолдары секілді инфрақұрылым дамып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызуда.
Үкімет басшысы сондай-ақ толық циклді металлургиялық кешеннің құрылысымен танысты. Жобаны Қытайдың «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Құны $1,2 миллиард болатын зауыт 2027 жылдан бастап жылына 1 миллион тонна өнім шығарады. 2029 жылға қарай бұл көлем 3 миллион тоннаға дейін ұлғаймақ. Кәсіпорында арматура, профильді болат, сым өнімдері сынды металл бұйымдары өндіріледі. Экологиялық талаптарға сай заманауи технологиямен жабдықталатын өндіріс ошағы 2,5 мың адамды жұмыспен қамтиды. Жоба аясында газ турбиналы электр стансасы да салынады.
Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған келесі маңызды жоба — жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы. Жалпы құны $800 миллион болатын инвестицияны қытайлық «Fufeng Group» компаниясы салып жатыр. Кешен құрамына крахмал зауыты мен үш биоферментация кәсіпорны енеді. Мұнда лизин, глутамин қышқылы, треонин, лейцин сынды жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіріледі. Өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион тонна жүгеріні өңдеуге жетіп, кейін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ кешенге қажетті көмір электр стансасы мен ағынды суды тазарту нысандары да салынады. Нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған, ал жобаның өзі 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында Премьер-Министр Сарысу ауданындағы кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылысымен де танысты. «Qazaq Soda» ЖШС іске асырып жатқан жобаның алғашқы кезеңінде жылына 500 мың тонна өнім өндіру көзделіп отыр, кейін бұл көрсеткіш 1 миллион тоннаға дейін артады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30 пайызы орындалған, негізгі жабдықтар жеткізіліп жатыр. Зауыт 2026 жылдың тамызында іске қосылады. Жобаның жалпы құны – $400 миллион, іске қосылғаннан кейін 1 мың жұмыс орны ашылады. Өндірісте қалдықсыз, экологиялық таза технологиялар қолданылатын болады. Кальцийленген сода металлургия, химия, шыны, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Бұл зауыт Қазақстанды әлемдегі жетекші сода өндіруші елдердің қатарына қосып, импортты алмастыруға және өнім экспортын жолға қоюға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов аталған жобалардың ел экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, ауылшаруашылығы мен химия салаларындағы қайта өңдеу үлесін арттыруға, сондай-ақ экологиялық таза, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға жол ашады. Үкімет аталған жобаларды толық қолдауға және олардың сәтті жүзеге асуын қамтамасыз етуге дайын.