Жамбыл облысында алты тонна есірткі тәркіленді

0 19

Жамбыл облысының географиялық ерекшелігіне байланысты “Қарасора – 2024” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілу барысына баса назар аударылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іс-шара заңсыз айналымға түсетін есірткі көлемін азайту мақсатында жыл сайын өткізіледі және бұл өз кезегінде шараның тиімділігін ұдайы дәлелдеп келеді. Шара барысында 28 жедел мобильдік топ құрылып, полиция департаментінің 100-ден астам қызметкері жұмылдырылды, 8 қызметтік-іздестіру иті, 5 жылжымалы мобильдік бекет жұмыс жасады. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің “Сұңқар”, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның “Бүркіт” күш-құралдары және ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшатын аппараттары аталған іс-шараға тартылды.

1 маусым мен 30 қазан аралығында Шу алқабынан қарасора тасымалданатын 6 арнаның жолы кесілді. Басқа облыстардың полиция департаменттерімен бірлесе отырып, Шу алқабынан Астана және Ақтау қалаларына 80 келіден астам марихуана және 4 келі гашиш тасымалдайтын каналдың жолы кесілді. Сондай-ақ полицейлер Алматы қаласынан облысымызға “синтетика” тасымалдайтын 2 ірі арнаны жауып, екі келіден астам “синтетика” есірткісін тәркіледі.

Барлығы 203 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 12 контрабанда және 12 есірткі өсімдігін өсіру дерегі бар. Заңсыз айналымнан 5,8 тоннадан астам әртүрлі есірткі құралдары, соның ішінде 2 келіден астам синтетикалық заттар, 5 гр 48 мгр героин тәркіленді. Сондай-ақ мың тоннадан астам жабайы өскен қарасора жерді жырту, шабу және өртеу арқылы жойылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 780 тоннаға көбірек. Жедел мәліметтерге сәйкес, қара нарықта 1 келі марихуананың бағасы 70 000 теңгені құрайды. Осылайша, 70 миллиард теңгеден астам қаражат заңсыз есірткі айналымына түспеді, – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының Асқар Жұмабеков.

Есрткі бизнесімен күрес бірнеше басқа бағыттар бойынша да жүргізілуде: алдын алу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, дилерлермен байланысу ресурстарын көрсететін қабырғалардағы граффити жазбаларды жою. 848 профилактикалық іс-шараға 24 мыңнан астам оқушы қатысты.

“NarcoShekteuTaraz” telegram-боты полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткілерді сақтау орындары (жасырын орындар), граффити жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалар мен сұраныстар туралы мәліметтер жинақталады. Осы жылдың 10 айында “Narko Shekteu Taraz” ботына 2 047 сұраныс келіп түсті, оның 1 746-сы интернет-сайттардан (1 670-і бұғатталған), 289-ы граффити жарнамасы бойынша барлық жазбалар жойылды.