Жамбыл облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

0 8

Президент Әкімшілігінің келісіміне және Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Айжан Есмағамбетова облыс әкімінің орынбасары (әлеуметтік жұмыс бойынша) болып тағайындалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Айжан Серікбайқызы 1972 жылы дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін «Санитария, гигиена және эпидемиология», 2005 жылы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетін «Қоғамдық денсаулық сақтау» және 2008 жылы Almaty Management University-ін «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласында №7 емханасында фельдшер-зертханашысы болып бастаған.

Әр жылдары Республикалық санитарлық эпидемиологиялық станциясының эпидемиолог-дәрігері, Денсаулық сақтау министрлігі қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінде жетекші маман, бас маман, сарапшы, басқарма басшы қызметтерін атқарған.

Аталған облыс әкімдігінің мәліметінше А.Есмағамбетова сонымен бірге Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары, дәрігері, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары – эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры, Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бөлім басшысы болып еңбек етті.

Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау, Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменттерінің директоры, сондай-ақ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы, Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болды.

2024 жылғы шілде айынан бастап сала министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.