Жалған ақпарат бергендердің жауапкершілігі қаралады

0 279

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігі.

— Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Біз нақты іс-қимыл жоспарына дайын болып, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуіміз керек, — деген Ербол Қарашөкеев су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіру мен сапалы іске асыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап айтты.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, су қоймаларының толу дейгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, халықты қабылдауға арналған 396 пункт дайындалған. Жағдайға жедел ден қою мақсатында 1459 адам, 364 техника, 135 су айдау, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топтар құрылған.

Ербол Қарашөкеев жағдайды бақылауда ұстауды, су тасқыны қаупі бар учаскелерде қажетті резервтер мен мобильді топтарды қалыптастыруды, техниканың дайындығын тексеруді талап етті. Сондай-ақ Тараз қаласының басшылығына облыс орталығындағы және тұрғын алқаптардағы барлық каналдар мен арықтардың тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңес барысында облыс орталығы мен аудан әкімдерінен жауаптар алынып, «Қазсушар» РМК өңірлік филиалының бас инженері Ербол Әбдірахмановтың су қоймаларының жай-күйі туралы есебі тыңдалды.

— Басты мақсат – адамдардың қауіпсіздігі. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары су қоймаларының, су нысандарының жай-күйін және су тасқынына дайындығын жеке өздері барып көріп, тексеруі тиіс. Қатардағы маманды жіберіп, қағазда бәрі жақсы деп жазып берген жауап қабылданбайды. Нақты, шынайы жағдайды анықтап, соған сәйкес тиімді шаралар қабылдануы керек. Жалған ақпарат бергендердің жауапкершілігі қаралатын болады, — деді облыс әкімі.