Ұлттық ойындар ұлықталды
Жамбыл облысы, Меркі ауданында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай, 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында көкпар, бәйге және аударыспақ ұлттық ойындарынан аудандық турнир өткізілді, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
Аталған турнирлер Наурыз мейрамы аясында ұлттық ойындарды дәріптеумен қатар, осы жарыстар арқылы облыстық, республикалық жарыстарға қатысатын жас спортшыларды іріктеу мақсатында да ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Жорабек Баубеков қатысып, қатысушы командалар мен спортшыларға сәттілік тіледі.
Рысқұлов ауылындағы атшабарда өткен көкпарға Кеңес, Қостоған, Ақтоған, Сарымолдаев, Рысқұлов Андас батыр, Жамбыл және Тәтті ауылдарының командалары қатысты.
Бақ пен бап қатар сынға түскен аламан додаларда жасөспірімдер ұлттық ойындарға деген құштарлықтарын танытып, лайықты өнер көрсете білді.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.