Ұтымды ұйымдастырылған жұмыстан ұтарымыз көп үшаралдықтардың ісі көпке үлгі

0 41

Қашан да қыстың қамын жаз ойлайтын шаруа баққан жандар мал азындық жем-шөпті дайындауды ерте  бастан қолға алады.

Биылғы жыл көктемінде  орын алған ауа -райының  қолайсыздығы, күрт бұзылуы көпшілікке оңай  соққан жоқ. Ірілі-ұсақты  малдардан шығын болғаны және рас. Бұл қыс қаһарының бейқамдығы көтермейтініне жұрт­шылықтың көзін тағы бір жеткізді.

Көктем кезінде енді санаулы күннен соң малымыз көкке ілігіп кетеді деп отырған шақта кенеттен басып қалған қар мен артынша соққан алай- түлей ақ боран талай жанның  шаруасын шайқалтып кетті. Үрінді  қарлар  жолдың  бәрін жауып тастады. Дайын шөптің  малды ауылға жеткізудің өзі мұң болды.

-Көктемге  жеттік қой деп жайбарақат отырғанда күн райы дәл осындай  мінез көрсетеді  деп ойламаппын,- дейді Жомарт есімді  жігіт,- қалған шөптің  қоры да азын-аулақ еді. 200-ге  жуық уақ мал, сиыр мен  жылқыға ол қандай  үнем болсын. Қырсыққанда дәл сол үш күн ішінде саулықтар жаппай төлдеп берсін. Өзі ашқұрсақ әрі  аяз қысқан  саулықтар қозыларын алмақ тұрмақ оларды орындарынан тұрғызудың өзі күшке түсті. Өздері де әбден мәңгіріп қалған. Міне, соның  салдарынан  биылғы төлдің жартысына жуығын  ғана аман алып қала алдық. Жылқы мен сиырда да өлім-жітім  болғаны тағы бар,-дейді.

-Биыл 17 бием құлындауы керек еді, соның 12-сі іш тастап кетті,-дейді тамдылық Рүстем деген жігіт өзінің бейқамдығына налып.

Біз мұның  бәрін тәптіш­теп жазып отырғандағы мақсатымыз- көпшілікті сақтандыру және биылғы­дағыдай тосын жағдайға тап болмасын деген ниет.

Мәселен, биыл ауданымыздағы мал басына сәйкес 145700 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалуы тиіс екен. Ол үшін 23860 гектар жердің шөбі  орылуы керек. Соның ішінде, 5565 гектар  көп жылдық шөп, 18295 гектар  шабындық. Осы  жерлерден қажетті мал азығының 72 пайызын дайындауға мүмкіндік бар. Қалғанын  сырттан сатып алу жоспарланған.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы  бөлімінің  басшысы  Ауданбек Ерубай: Қазір  негізінен шабындық жерлер орылуда. Бұл жерлерді біткен соң тамыз айынан соңынан бастап  қыркүйек, қазан айларында  қараот дайындауға көшеміз,- деген-ді.

 Сонымен бірге, Берікқара, Қаратау ауылдық округтері  артық дайындалған шөптерін  Қаратау қаласы мен Көктал  ауылы  тұрғындарына қолжетімді бағамен  сатып жатқанынан және  Қаратау  қаласы мен Ақкөл  ауылында шөп жәрмеңкесі өткізіліп тұрғандығынан да хабардар болдық.

Әрине, бұл жерде тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы да назардан тыс қалмауда.

Атап айтқанда, Ақкөл ауылындағы «Бекен» шаруа қожалығы 8 отбасыға 50 түктен, Берікқара  ауылдық округіне қарасты «Майтөбе» өндірістік кооперативі 5 отбасыға 150 түктен тегін шөп түсіріп берді. Ал, С.Шәкіров  ауылдық  округіне қарасты «Амангелді» шаруа қожалығы 4 отбасыға 200 теңгеден 200 түктен босатты. Басқа да  ауылдық округтер әлеуметтік жағдайы көмекті қажет ететін отбасыларға  2-3 тоннадан шөп түсіріп беруді қолға алуда.

Бұл  жерде осы жауапты науқан  барысында  белсен- ділік танытып, ұйымшылдық көрсетіп отырған Үшарал ауылдық округіндегі жұ-мыстар көпшілікке үлгі боларлық.

Округ әкімі Рахымжан Айтуов пен Рахымжан Әбенов жетекшілік ете-тін «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі Сарысу ауданы, Жайлаукөл елді мекені маңынан алынған 6 мың гектар жерде шөп дайындау жұмыстарына бел шеше кіріскен.

-Қазір мұнда 5 трактор, «КамАЗ» автокөлігі тоқтаусыз жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін ол жақтан 6 мың тайланған түк және 500 оралған шөп дайындалды. Ондағы жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды қа-растырып отырмыз. Коопе-ратив мүшелеріне әр түк 600 теңгеден, ал оралған шөптің әрқайсысын 6000 теңгеден сатылады. Бұған қосымша сондағы шаруа қожалықтарымен келісіп, 5 мың гектар жерді тағы да алмақшымыз -дейді Р.Айтуов.

Бұдан өзге Қараой елді мекен аумағында егілген 100 гектар бидай мен 200 гектар арпаға таяу күндері орақ түспек.

Осылайша, үшаралдықтар мал азығын берік қорын жасауға мұрындық болуда.

Кезекті аппарат жиында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек үшаралдықтардың сонау тындырымды ісін көпшілкке үлгі ете сөйлеген-ді:

-Ауыл әкімі Рахымжан Орынбасарұлына осындай жұмыстарды ұтымды ұйымдастырып отырғаны үшін рахмет айтамын, -деді Қанатбек Қайшыбекұлы,-ендігі жерде сол Шу бойына тағы бір бригада жасақтап жіберуіміз керек. Бірақ, трактор айдайтын адам табу қиын болып тұр. Шу бойында еңбек етіп жатқан 5 тракторшының екеуінің жастары 63-ке келген ел ағалары. Сондықтан, бұл жұмысты тез арада қолға алып, шешуіміз керек,-деп тиісті кісілерге тапсырма берді.

Аудан әкімі жыл басын­дағы қауырт болған күндер­ден қорытынды шы-ғарып, мал азығының берік қорын жасау қажеттігін, бұл бағытта ел ішінде үрей туғызбау керектігін ескертіп өтті.

Aulieatanews, Талас ауданы.