Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды
Мемлекет басшысы онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұсынысын қабыл алып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысуға келісім берген Мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді.
– Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айтты. Бабаларымыздың осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанына тоқталды.
Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті.
Президенттің пікірінше, індетті тоқтатудың басты жолы – азаматтарды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету. Бұл орайда ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, Түркітілдес мемлекеттер бір-бірін қолдауы қажет деп санайды. Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмағанын, негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кеткенін айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмағанын атап өтті. Сондықтан осындай кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түскеніне тоқталды.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен.
– Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласы өзара байланыстардың тағы бір құрамдас бөлігі екенін айтты. Өйткені су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану – өңірдегі елдердің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлесе отырып гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы технология қазіргідей жылдам дамып жатқан дәуірде бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл ретте Қазақстан электрондық үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық технологиялар мен цифрлық шешімдер төңірегіндегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты.
Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету өте өзекті мәселенің бірі. Бұл Түркітілдес мемлекеттерге ортақ алғашқы қаржы институты болмақ.
– Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте Қазақстан Президенті ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн деп есептейді. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады.
Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті.
– Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Кеңестің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.
– Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда біз барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев сөз сөйледі.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі бейресми саммитінің Түркістан Декларациясы
2021 жылғы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (бұдан әрі–Түркі кеңесі) бейресми саммиті бейнеконференция арқылы өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедов және Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан, сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.
Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары
Көктемгі күн мен түннің теңелуіне сәйкес келетін, табиғаттың жаңаруы мен жаңа өмірдің басталуын білдіретін Наурыз мейрамын атап өтіп;
Әзербайжан Республикасын, Қазақстан Республикасын, Қырғыз Республикасын, Өзбекстан Республикасын және Түрікменстанды алдағы тәуелсіздіктің 30 жылдығының қайта қалпына келтірілуімен құттықтап және 1991 жылы түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздігін алғашқы болып мойындағаны үшін Түркия Республикасына алғыс білдіріп;
Соңғы онжылдықтарда түркітілдес мемлекеттер қол жеткізген айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық прогрессті атап көрсетіп, Түркі әлеміндегі көпжақты қарым-қатынастардың дамуын жоғары бағалап және түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге нық бейілділік танытып;
Әскери оккупациядан Әзербайжан Республикасы аумағының азат етілуін жоғары бағалап және Армения-Әзербайжан жанжалының аяқталуын қошеметтеп;
Түркі әлеміндегі берік ауызбіршілікті барынша тығыз ынтымақтастық үшін ұзақ мерзімді пайымдар мен мақсаттар қоюға және стратегиялық бағдарды тұжырымдауға бел байлағандығын растай отырып;
Түркі кеңесінің құрылғаннан бергі құнды жетістіктерін атап өтіп және оның түркі әлеміндегі интеграциялық үдерістерді қамтамасыз етудегі рөлін арттыруға және түркі әлемінің құндылықтары мен мүдделерін өңірлік және халықаралық аренада одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін растай отырып;
Халықтарының игіліктеріне бейбітшілік, тұрақтылық, қауіпсіздік пен гүлденуіне үлес қосу құралы ретінде көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп;
Күллі Түркі әлемі халықтарының бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығын мойындап;
Қожа Ахмет Яссауи ислам құндылықтарын насихаттайтын түркі мектебінің негізін қалаған және бүкіл түркі әлемінде философияның дамуына зор ықпал еткен көрнекті және рухтандырушы тұлға ретінде қалдырған мұрасын жоғары бағалап;
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімі аясында Ұйымға мүше мемлекеттердің шоғырландырылған ұстанымын әзірлеу мақсатында Түркі әлемінің мүдделерін қозғайтын өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша консультацияларды жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп.
Төмендегілер туралы мәлімдеді:
- Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Болашақта ротациялық негізде Түркі әлемінің өзге де әйгілі көне шаһарларына осы іспеттес мәртебе беруге мүмкін болатыны туралы келісті және Хатшылыққа Мүше мемлекеттермен бірлесе аталған мәселе бойынша ережені 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитінің қарсаңында Сыртқы істер министрлері кеңесінің қабылдауы үшін әзірлеуді тапсырды;
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қолдады және Сыртқы істер министрлері мен Хатшылыққа 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитіне қол қою үшін тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды;
- Хатшылыққа «Түркі әлемінің келешегі-2040» және «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясының» алғашқы жобаларын дайындағаны үшін алғыс білдірді және мүше мемлекеттердің тиісті органдарына өздерінің тиісті ұлттық ішкі рәсімдері шеңберінде Түркиядағы келесі саммитте бекіту мүмкіндігі мақсатында оларды Хатшылықпен бірлесіп дайындауды тапсырды;
- Әзербайжан Үкіметі және халқымен бірге қақтығыстардан зардап шеккен аумақтарды оңалту, қалпына келтіру және қайта біріктіруге олардың күш-жігеріне ниеттестігін білдірді және бір-бірінің егемендігі, аумақтық тұтастығы мен халықаралық танылған шекараларының мызғымастығын өзара құрметтеу және мойындау негізінде Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастардың қалыпқа келуін қолдады;
- Түркі кеңесіне қол жетімді үлкен мақсаттар қоюға, стратегиялық маңызы бар өңірлік жобаларды, атап айтқанда көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым саласындағы жобаларды қолға алуға және жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін экономикалық бағыттың маңыздылығын атап өтті;
- Атақты ақын және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің түркі халқына сіңірген еңбегін, Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өмірінің дамуына қосқан үлесін бағалап, сондай-ақ осы жылы оның 580 жылдық мерейтойының кеңінен атап өтілуімен байланыстыра отырып, Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаи халықаралық сыйлығын тағайындауға келісті;
- Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлеріне Жүсіп Баласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық, Юнус Емре мен түрік тілінің жылы, Әлішер Науаидің 580 жылдық, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Әлихан Бөкейханның 155 жылдық және Хусейн Карасаевтың 120 жылдық мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берді;
- Соңғы Саммит өткен уақыттан бері Түркі кеңесі Хатшылығының қызметіндегі маңызды жетістіктерді жоғары бағалады.
Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістан бейресми саммитін өткізу бастамасы үшін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы кездесуде талқылауларды нәтижелі қорытындыларға келтіргені үшін терең алғыс білдірді.
2021 жылы 31 наурызда бейнеконференцияда әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және өзбек тілдерінде қабылданды.