Солтүстік Қазақстанда нан бағасы 200 теңгеге жетті

0 51

Өндірушілер қымбатшылықты жанар-жағармай және шикізат құнының өсуімен байланыстырады.

Солтүстік Қазақстан облысында ұнның бағасы бірден 20% өсті. Соның салдарынан нан мен кондитерлік өнімдердің де құны шарықтап бара жатыр, деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі  «31 арнаға»  сілтеме жасап. 

Петропавлда ет пен майдан қалыспай нанның бағасы да қымбаттап барады. Қазір дүкен сөрелерінде ас атасының құны 150 теңгеден басталып, 200 теңгеге дейін жетеді. Жаңа жылдан бастап теріскейде ұн бағасы бірден 20% өскен. Қазір базарларда 50 келілік бірінші сұрыпты ұнның құны 10 мың теңге тұрады. Наубайхана басшылары бағаны көтермесе – шығынға бататындарын айтты. Жанар-жағармай мен шикізат құны шарықтап барады.

«Бұл мәселе ұн бағасының өсуіне байланысты болды. Шикізат пен ашытқы, маргарин, май қымбаттады. Жұмысшыларға да жалақы төлеу керек. Шығынға ұшырамау үшін аздап көтеруге мәжбүр болдық», – деді наубайхана басшысы Сара Төлебаева.

Былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз көтерген 6 кәсіпкер анықталып, олар қомақты айыппұл арқалаған болатын. Статистика мамандары кондитерлік өнімдердің құны да өскенін айтты.

«Карамель 14,5%, шоколад 10,3%, шоколадпен көмкерілген кәмпиттер 8%, джем мен бал бағасы жыл бойына 29,6% өсті. Тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 15,7% қымбаттады. Аймақтық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тексеріс жүргізетіндерін айтты, бірақ ол үшін тұрғын жазбаша шағым түсіру керек», – деді СҚО Статистика департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.