Шекара шебіндегі сенім мен тұрақтылықтың 20 жылы

0 5

Меркі ауданында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2093 әскери бөлімінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. 2006 жылдан бері ел шебін күзетіп келе жатқан бұл бөлім мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқарып, тәртіп пен жауапкершілікті басты қағидасына айналдырған ұжым ретінде қалыптасты. Бүгінде 2093 әскери бөлімі шекара қауіпсіздігін сақтауда өзіндік орны бар, кәсіби әрі тәжірибелі бөлім саналады, деп хабарлайды  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ерік Тұрғынбаевқа берілді. Ол әскери бөлімнің 20 жылдық қызмет жолына тоқталып, үздік нәтиже көрсеткен бірқатар әскери қызметшілерді мерекелік марапаттармен марапаттады. Одан кейін сөз алған Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов әскери қызметшілерді айтулы мерейтоймен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шекарашылардың еңбегін ерекше атап өтті. Аудан әкімі ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар әскери қызметкерлерге «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында Меркі аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Күлайым Шағатаева әскери бөлім қызметкерлерін мерейтоймен құттықтап, партия атынан Алғыс хаттар тапсырды. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты Гүлжан Тілеубердиева, №11947 әскери бөлімінің командирі майор Данияр Спанов, Меркі ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Қанат Таипов және өзге де мәртебелі қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Салтанатты іс-шара аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, аудан өнерпаздары өз өнерлерімен әскери қызметшілерге құрмет көрсетті. Ән мен күй, би мен жыр арқылы шекарашылардың еңбегіне деген халықтың алғысы мен сүйіспеншілігі айқын сезілді.

2093 әскери бөлімінің 20 жылдық тарихы – ел шебін күзеткен айбынды ұжымның адал қызметінің айғағы. Шекарашылардың қажырлы еңбегі – ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Мерейтойға орай айтылған құттықтаулар мен марапаттар – әскери қызметшілердің еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл мереке аудан жұртшылығы үшін де үлкен мақтаныш, жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала бермек.