Қызылордада дәрігерлердің салғырттығынан нәрестенің аяғы күйіп қалды

0 271

Қызылордада дәрігерлер анализ алу кезінде жаңа туған нәрестенің табанын күйдіріп алған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Оқиға Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында болған. Жәбірленуші әйелдің туысы Айгерім Әбілтаеваның айтуынша, бірнеше күн бұрын жоғары қан қысымы байқалған жүкті келінін аудан дәрігерлері шұғыл түрде облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Қалада оған дереу «кесар тілігі» арқылы операция жасалған.

«Біз оны қалаға жібергендеріне қатты қуанып едік, өйткені мұнда дәрігерлердің деңгейі жоғары деп ойладық. Бірақ келгенде, не онымен, не дәрігерлермен кездесуімізге рұқсат бермеді. Тек нәрестенің кувезде екенін және оның жағдайы ауыр екенін білдік. Бірнеше күннен кейін келінім жылап хабарласып, нәрестенің аяғын күйдіріп алғандарын айтты», деп жазды әйел өз Facebook парақшасында.

Медициналық қызметкерлер баладан анализ алу кезінде спиртпен табанын күйдіріп алғаны анықталған. Сонымен қатар, туысының айтуынша, дәрігерлер осы уақытқа дейін анасына жөргекті ауыстыруға немесе нәрестені ұстауға рұқсат бермеген.

«Күнделікті тексеріс жасайтын педиатр қайда қарады, реанимация бөлімінің жауапты қызметкерлері не істеп отыр? Жараға инфекция түскенін күтті ме, егер одан әрі тараса не болады? Неге бұны ешкім ойламайды? Бейшара нәресте жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, ал енді мына жағдай болды! Біз кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз!», деп жазды ол.

Облыстық перинаталдық орталық бұл оқиға бойынша ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

«Барлық жауапты қызметкерден көрсетілген қызметтер бойынша ақпарат жиналды. Нәрестеге күтім жасау кезінде қызметкерлер тарапынан жіберілген қателіктерге байланысты тиісті шаралар қолданылатынын хабарлаймыз», деп жазды перинаталдық орталық қызметкерлері жазбаға пікір ретінде.