ҚР Ішкі істер министрлігі қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады

0 258

2025 жылғы 14 сәуірде ҚР Ішкі істер министрлігі ата-аналарға арнайы үндеу жолдады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмаған жасөспірімдердің есірткі бизнесіне тартылып жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тек соңғы үш айдың ішінде еліміз бойынша есірткі заттарын сақтап, таратты деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың арасында колледждің бірінші курс студенттері мен 9–11-сынып оқушылары бар.

Бұл дабылды деректер ата-аналар мен заңды өкілдердің жасөспірімдерге ерекше назар аударып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айғақтайды.

– Заңды білмеу қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес, есірткі заттарын сақтау мен таратқаны үшін 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – бас бостандығынан айыру түріндегі ауыр жаза. Сондай-ақ ҚК-нің 299-1-бабында есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамалағаны үшін, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін де жауапкершілік көзделген, – деп ескертті ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Министрлік ата-аналардан балалардың бос уақытын қалай өткізетініне, кіммен араласатынына мұқият мән беруді сұрайды.

Бұған дейін ІІМ өкілдері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін бірқатар маңызды ережелерді еске салған болатын.

Айта кетейік, 2025 жылғы 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында Жамбыл облысында (еліміздің барлық өңірлері секілді) «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның аясында түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында және заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз үйден тыс жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде.

Бұл шаралар балалардың бос уақытын тиімді бақылауға және олардың түрлі заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеуге бағытталған.