Қордайда екі жаңа мектеп пайдалануға берілді

0 148

25 қазан – Республика күні қарсаңында Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қарасу және Қаракемер ауылдарында 300 орынды екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Өңір басшысы өз құттықтау сөзінде білім беру саласын дамыту – ел болашағы үшін айрықша маңызға ие мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

– Мектеп салу – тек ғимарат тұрғызу емес, елдің болашағын қалыптастыру. Өйткені әрбір мектеп – бала арманының бастауы, ұлттың рухани қайнары, мемлекеттің берік тірегі. Бұл – ұрпаққа деген қамқорлықтың, ел ертеңіне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», деген сөзін еске ала отырып, білім саласының мәнін айқындап өтті.

– Білім – ұлттың жүрегі, мектеп – оның соққан тамыры. Бүгін ашылған екі жаңа білім ордасы – сол жүректің жаңаша соғуы, ел үмітін ақтар болашақтың бастауы болсын! – деді облыс әкімі.

Жаңа мектептер Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Қарасу ауылындағы №53 орта мектеп заманауи стандарттарға сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына толық мүмкіндік жасалған. Мектеп ғимаратында 28 оқу кабинеті, 80 орынды мәжіліс залы, асхана, кітапхана мен 30 орынды оқу залы, кең спортзал, STEM, робототехника және компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған коворкинг орталығы, үш шеберхана және үш ғылыми зертхана жұмыс істейді.

Жаңа мектептің ашылуы Қарасудағы үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешіп, 232 оқушының сапалы білім алуына жол ашты. Мектеп ұжымында 25 білікті педагог қызмет етеді, олардың қатарында «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» санатындағы ұстаздар бар.

– Қала мен ауыл балаларына бірдей мүмкіндік жасап отырған ел Президентіне қарасулықтардың атынан алғыс айтамын. Бұл білім ордасынан елін, жерін сүйетін, Отанға адал азаматтар тәрбиеленіп шығатынына сенемін, – деді ауыл ардагері Тұрған Жасыбаев өз сөзінде.

Сол күні Ербол Қарашөкеев Қаракемер ауылындағы №54 орта мектептің ашылуына да қатысты. Заманауи талаптарға сай тұрғызылған бұл білім ордасында балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарға алынған.

Өңір басшысы жаңа мектептердің ашылуы Қордай ауданындағы білім беру әлеуетін арттырып, ауылдық жерлердегі балалардың сапалы білім алуына жол ашатынын атап өтті.

– Жаңа мектебіміз мамандық таңдауда үлкен мүмкіндік бергелі отыр. Менің арманым – дизайнер болу. Әсіресе қыздарға арналған шеберхана ерекше ұнады. Болашақ мамандығыма алғашқы қадамды дәл осы мектептен бастағаныма қуаныштымын, – дейді 9-сынып оқушысы Айзере Ербол.

Айта кетсек, Жамбыл облысында биыл 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға берілмек. Ал 2026 жылы тағы 11 жаңа білім ошағының іргетасы қаланады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста төрт жаңа мектеп ашылды оның бірі Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында, үшеуі Тараз қаласында. Енді, міне, екі жаңа мектеп Қордай ауданында есігін айқара ашып отыр.

Бұл білім ордалары – ел болашағы үшін салынған еңселі еңбектің, ауыл балаларына жасалған шынайы қамқорлықтың айқын дәлелі.