Қордай Орталық Азиядағы жаңа сауда қақпасына айналмақ
Премьер-Министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен және жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың барысымен танысты. Сапар аясында Үкімет басшысы өңірдің өнеркәсіп, сауда және логистика салаларындағы даму бағыттарын ерекше назарға алды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі өткен жылы 2,2 триллион теңгеге жеткен. Ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 188 миллиард теңгені құраған, оның басым бөлігі – өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Осы орайда, Премьер-Министр «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені негізінде экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан шаралардың нәтижелілігін тексерді. Қордай ауданындағы «Қарасу» өткізу бекетінің маңында салынып жатқан индустриялық сауда-логистикалық кешені (ИСЛК) Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Бұл кешен екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров айқындаған тауар айналымын $3 миллиардқа дейін арттыру міндетін жүзеге асыруға сеп болады.
Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықов аталған жобаның өңірлік кооперация үшін маңызы зор екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ИСЛК аумағында сүт, ет, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және өзге де бағыттар бойынша бірлескен өндірістерді дамыту үшін инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Басты мақсат – жаңа тауарлар өндірісін жолға қойып, оларды халықаралық нарықтарға тиімді шығару.
Кешенді іске асырушы «Romsey Holdings KZ» компаниясының басқарушы директоры Абзал Мыңбаев инвестициялық жоспарлармен таныстырып, ауылшаруашылығы өнімдерін, пластик және фарфор ыдыстарды қайта өңдеу, кабельдік өнімдерді өндіру бойынша жобалар іске қосылатынын айтты. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар кешенді «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағының қосалқы бөлігі ретінде қайта ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек.
Премьер-Министр еліміздегі индустриялық өндірісті дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыру үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол инвестиция тартудан бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі толық тізбекті қамту керектігін айтып, кешенге қажетті инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешуді тапсырды.
Сапар барысында Премьер-Министр «KORCEM» цемент зауытына да барды. Кәсіпорын жылына 1,3 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы. Өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Ресей және Қырғызстанға экспортталады. Зауыт халықаралық стандарттарға сай заманауи интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықталған. Кәсіпорын басшылығы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жоғары деңгейлі сүзу жүйелері қолданылып жатқанын мәлімдеді. Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ішкі нарықты отандық цементпен толық қамтамасыз ету және экспортты ұлғайту мақсатында қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.
Бұл сапар Жамбыл облысында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, Қазақстанның транзиттік, сауда және өнеркәсіптік хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатқанын көрсетті.