Қордай ауданында мал шаруашылығын дамыту бағытында серпін бар

0 120

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылшаруашылығы саласын дамыту, соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді жолға қою жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын. Қазіргі таңда осы тапсырмаларды іске асыруда Қордай ауданының шаруалары белсенді жұмыстар жүргізуде. Ауданның табиғаты мен қолайлы климаты, кең жайылымдары мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасап отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қордай ауданындағы ауылшаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығы, жыл сайын дамып келеді. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қордайдағы ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 33,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі мал шаруашылығының үлесінде. Бұл – аудан тұрғындарының тынымсыз еңбегі мен жүйелі қолдаудың нәтижесі.

Аудан басшылығы мал шаруашылығын дамыту мақсатында инвестиция тартуға ерекше назар аударып отыр. Өткен жылы салаға 2,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 8 ірі жоба іске қосылған. Бұл жобалар ауылшаруашылығының өндірісін ұлғайту, мал басын көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуде.

Қордай ауданының үлгілі шаруа қожалықтарының бірі – Ноғайбай ауылындағы «Мұхамбет» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылықтың өкілдері мал төлдету науқанын табысты жүргізіп, мал шаруашылығының тиімділігін арттыруда. Қожалықтың іс жүргізушісі Амантай Даниярұлының айтуынша, қазіргі таңда әр 100 саулықтан 100 қозы алу мүмкіндігі бар.

– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. «Мұхамбет» шаруа қожалығында қазіргі таңда 420 бас саулық қой бар. Бүгінгі күні әр 100 саулықтан 100 қозы алуға барлық мүмкіндік жетеді. Бұл аудан басшылығы мен ауылшаруашылығы бөлімі, ветеринария қызметкерлерінің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр, – дейді Амантай Даниярұлы.

Қазіргі таңда Қордай ауданында 417479 бас қой тіркелген, оның ішінде 150626 бас саулық мал төлдету науқанына қатысуда. Өткен жылы аудан бойынша әр 100 саулықтан орташа есеппен 72 қозы алынған. Биылғы жылы қыстың қолайлы болуына байланысты бұл көрсеткіштің артуы күтілуде.

Аудан шаруаларының еңбекқорлығы мен ауылшаруашылығының барлық саласындағы тиімді басқару арқасында, мал шаруашылығы өнімдерін арттыру мен ел экономикасын нығайту мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қордай ауданында мал шаруашылығының дамуы мен өркендеуі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.