Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылуы мүмкін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ішкі істер органдары қызметіне қатысты заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы «Aulieаtanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Аталған өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы артық (шектен тыс) заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.
Құжатты ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов таныстырды. Оның айтуынша, жоба аясында 16 заңға түзету енгізу көзделген.
Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында бұл түзетулер нақтылаушы сипатқа ие екені айтылған. Атап айтқанда:
– әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдау-тарату орындарында ұстау тәртібін анықтау;
– «жергілікті полиция қызметі» ұғымын алып тастау ұсынылған.
Комитеттің қорытындысында жергілікті полиция қызметін құру және оны қайта ұйымдастыру өз тиімділігін дәлелдей алмағаны атап өтілген. Ішкі істер органдары туралы заңда белгіленген қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау сияқты негізгі міндеттер екінші орынға ығыстырылып, жергілікті атқарушы органдар бұл құрылымға өзге де функцияларды жүктей бастаған. Мәселен, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау немесе құрылыс қалдықтарын шығару секілді.
Сондықтан, әкімшілік полицияның міндеттері мен өкілеттіктерін ішкі істер органдарының негізгі функцияларына сәйкес келтіру қажеттілігі туындаған.
Сондай-ақ заң жобасында көлік полициясы бөлімшелері аясында «сызықтық» деген терминді «көліктегі» терминіне ауыстыру ұсынылған. Себебі, «сызықтық» ұғымы тек теміржол көлігіне ғана қатысты қолданылса, қазіргі көлік полициясы бөлімшелері темір жолмен қатар әуе және теңіз порттарын, вокзалдар мен жүк алаңдарын да қамтиды.
Бұл терминологиялық түзету полицияның қызметі мен құзыретіне ешқандай өзгеріс енгізбейді.
Тағы бір жаңалық — әскери-тергеу органдарын полицияның аумақтық құрылымынан шығару. Себебі, олар аумақтық емес, ішкі істер органдарының бөлек құрылымдық бөлігі ретінде заңда айқындалған. Полиция – құқық қорғау органы ретінде қалып отыр.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі — жергілікті полиция қызметін тарату. Оның сөзінше, 2018 жылдан бастап бұл құрылым бірнеше рет қайта ұйымдастырылғанымен, бастапқы мақсаттарына толық жеткен жоқ.
Атап айтқанда, аталған қызметтің басшыларын тағайындау өкілеттігі әкімдерге берілген соң, ішкі істер органдарындағы бірізділік бұзылып, басшылық құрылымдар арасында келіспеушіліктер туындаған. Учаскелік инспекторларға жүктелген басты міндет — халықпен тығыз байланыс орнату екінші орынға ысырылып, басқа міндеттер алға шыққан. Осыған байланысты аталған құрылымды таратумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған екі басқарма құру ұсынылып отыр.
Бұған қоса, Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, әскери және арнайы оқу орындарының қызметі туралы ережелерге де бірқатар өзгерістер енгізілген.