Қазақстанда коммуналдық қызмет тағы да қымбаттады
Тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсаған шығын бір жылда 11%-ға өскен.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге орта есеппен 59,6 мың теңге жұмсады. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8%-ке көп, — деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің сайты Energyprom.kz -ке сілтеме жасап.
Әсіресе, елорда тұрғындарының шығыны көп, олар 103,7 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылғы қаңтар- наурызбен салыстырғанда 6,5 пайызға және ел бойынша орташа көрсеткіштен 73,8 пайызға артық.
Алматы мен Қарағанды облысының тұрғындары да үй шаруашылығына қаражатты көп жұмсайды. Ал коммуналдық қызметтер, тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу үшін Абай, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындары ақшаны ең аз жұмсайды.
Осы уақытта тұрғын үй қызметтеріне, суға, электр энергиясына, газға және басқа да отын түрлеріне баға осы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша бір айда 0,9%-ға және бір жылда 17,6%-ға өскен. Оның ішінде қоқыс шығару қызметтерінің бағасы — 6,1%-ға, электр энергиясының құны — 1,8%-ға, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің құны — 1,7%-ға, су бұру қызметтерінің құны 0,2%-ға өсті.