Қауіпті тәуелділіктің алдын алу жөнінде кеңес құрылды

0 206

Нашақорлық – қоғамға аса қауіпті әлеуметтік кесел, әрбір адам одан аулақ болуы қажет. Бұл – әсіресе жас ұрпақтың денсаулығына төнген үлкен қауіп. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Жамбыл облысында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес құрылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Кеңес Қазақстан Республикасында 2023–2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық жоспарды, сондай-ақ «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Жаңа құрамдағы кеңестің алғашқы отырысы Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратында өтті. Бұл құқық қорғау органдарының нашақорлықтың алдын алу бағытындағы үйлестіруші рөлін айқындай түседі. Кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім, спорт, мәдениет салаларының мамандары және жастар қозғалыстарының белсенділері қатысты.

Өңірлік кеңестің құрамына полиция қызметкерлері, медиа саласының өкілдері, танымал спортшылар, блогерлер және қоғам белсенділері кірді. Кеңестің бұл құрылымы ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген.

Кеңес төрағасы болып Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапияев тағайындалды.

– Нашақорлық мәселесі кешенді тәсілді қажет етеді. Біз тек құқықтық шаралармен шектелмейміз – алдын алу бағытында, ағарту жұмыстарын жүргізу, қоғамды кеңінен тарту арқылы жұмыс істейтін боламыз. Бұл кеңес – жастарымыздың болашағы үшін бей-жай қарамайтын азаматтарды біріктіретін қоғамдық алаң, – деді Мақсат Қанапияев.

Кеңес төрағасының орынбасары болып Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков тағайындалды. Ол өз сөзінде нашақорлықпен күресте алдын алу шараларының маңызы зор екенін атап өтті.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 296–299-баптарына сәйкес, біз есірткінің заңсыз айналымын тоқтату бойынша жұмыс жүргіземіз. Алайда, ең бастысы – жастардың нашақорлыққа бой алдырмауын қамтамасыз ету. «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңда да қоғамның қылмыстың алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысуы қажет екені айтылған, – деді Асқар Жұмабеков.

Кеңес құрамына сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков енгізілді. Ол нашақорлықтың алдын алу бойынша білім беру және ғылыми бағыттарды үйлестіруге жауапты болады.

– Білім беру – сау дүниетанымды қалыптастырудағы негізгі құрал. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабында зиянды әдеттердің алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығы нақты көрсетілген. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ағартушылық бағдарламалар, студенттік бастамалар және ғылыми зерттеулер арқылы жүзеге асыруға дайынбыз. Білім арқылы ғана есірткіден саналы түрде бас тартатын ұрпақ тәрбиелей аламыз, – деді Махметқали Сарыбеков.

Кеңестің жұмысы ішкі істер органдарымен, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларымен тығыз үйлесімде жүргізіледі. Кеңестің негізгі міндеті – Қазақстан Республикасының 2020–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын және «Салауатты ұлт – тұрақты болашақ» стратегиясын жүзеге асыру.