Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Жүктелген міндеттерді шешу маңызды

0 346

Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық эконо­мика­лық кеңестің мерей­той­лық саммитіне қатыс­­ты. Президент сам­митті жоғары деңгейде ұйым­дас­тырып, қо­нақ­жай­лылық таныт­қаны үшін Ресей тарапы­на ризашылығын білдір­ді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Влади­мир Путинді Ресей Феде­рациясының Пре­зиденті лауазымына ресми түрде кірісуімен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Алқалы жиынның алдында мемлекеттер басшылары шағын форматтағы отырыста кездесті.

Бұл басқосуға Қазақстан Прези­дентімен қатар, Армения Премьер-министрі – ЖЕЭК төрағасы Никол Пашинян, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жапаров, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Мемлекеттер басшылары Еура­­зия­лық экономикалық одақ ая­сын­­да­ғы ықпалдастықтың ма­ңызды мін­дет­тері мен негізгі бағыт­тарын талқы­ла­ды. Сондай-ақ ЕАЭО қызметінің же­ке­­ле­ген аспектілері жөнінде пікір алмасты.

Бұдан кейін жалғасын тапқан мерейтойлық саммитте Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шарт­қа қол қойылғанына назар аударды.

– Салыстырмалы түрде қыс­қа мерзім ішінде біздің Одақ халық­аралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті ин­те­гра­циялық бірлестікке айналды. Ор­тақ күш-жігердің арқасында мың­нан астам түрлі нормативтік құ­жат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытын­дысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақ­станның одаққа мүше елдер­мен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал экспорт 2 еседен астам өсті. Еура­зия­лық экономикалық одақ ая­сын­да­ғы ынтымақтастық Қазақ­стан эко­номикасының қарқынды дамуы­на ықпал етеді. Тек өткен жыл­­дың қорытындысында елі­міз­дің ішкі жалпы өнімі 5,1 пайыз­ға арт­ты. Біз мұны жақсы нәтиже деп са­най­мыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында одан әрі орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болуға тиіс деп санайды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің есебін мысалға келтіріп, қазіргі онжылдықтың бірінші жартысындағы әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны кейінгі 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтты.

– Егер халықаралық қауымдастық пәрменді шаралар қабылдамаса, аталған кезең «мүмкіндікті мүлт жіберген онжылдық» ретінде тарихқа енуі ықтимал. Бұл жаһандық экономиканың ажырамас бөлігі саналатын Еуразиялық экономикалық одақ үшін де зор сын-қатер болары сөзсіз. Біз барлық резервті пайдалана отырып, Одақты құру кезінде жүктелген міндеттерді шешуіміз керек. Ең алдымен, бұл жерде Экономикалық одақтың іргелі қағидатын, яғни тауарлар қозғалысының еркіндігін іске асыру туралы айтып отырмыз. Бізге шын мәнінде, біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының сөзсіз басымдығы болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті.

– Бірлестігіміздің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік мол екені анық. Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақтың сыртқы контурдағы әлеуетін нығайту мақсатында жүйелі шешімдер әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа неғұрлым белсенді шығару үшін тиісті жағдай жасау қажет. Тауарды үшінші елерге кедергісіз тасымалдау ісін қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдер желісін кеңейтудің мәні зор. Бұл экспорттаушыларымыздың жаңа нарықтарға шығуын барынша жеңілдетуге, оларды өңірлік және жаһандық өндірістік тізбектерге қосуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәлім­деуінше, Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың перспективасы зор.

– Әлемдік ішкі жалпы өнімнің қазіргі 60 пайыздық өсімі тек Азияға тиесілі болады деген болжамды ескерсек, Жаһандық Оңтүстікпен арадағы кооперация ерекше қызығушылық туғызады. Қазақстан сияқты Парсы шығанағының нарығы­на шығу үшін Экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттерді Халықаралық көлік дәлізін құру жөніндегі Ашхабад келісіміне қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымда­уынша, сыртқы нарықтармен байланыс­тыратын орнықты көлік жүйесінің болуы ұзақмерзімді интеграцияны жолға қоюдың негізгі шарты болып қала береді.

– Бүгінде Еуразияның көлік құрылымы Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы тиімді сауда байланысын қамтамасыз етіп отыр. Алайда алдағы онжылдықтарда Еуразия аймағындағы инфрақұрылымның тозғаны анық сезіле бастайды әрі оны жаңарту қажеттілігі арта түседі. Сондықтан көлік және логистика инфрақұрылымдарын жаңғырту және кеңейту – маңызды мәселе. «Рельс төселген жерде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады», деп бекер айтылмаған. Сол себепті, Қазақстан 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолға жөндеу жүргізіп, жаңадан 5 мың шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отыр. «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның терминалы бой көтерді. «Қытай – Еуропа» бағытында контейнер арқылы тасымалданатын жүктің 40 пайызына дейін сол жерде жинақталады. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан шекара­ларында және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистика хабын іске қосу жоспарланып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық аумағындағы халықаралық автомобиль өткізу пункттері жаппай жаңғыртыла бастағанын айтты. Осынау кешенді инфрақұрылымдық шешімдер Еуразия күре жолдарын одан әрі бір-бірімен ұштастыруға және мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.

– Қазақстанның теміржол саласын дамыту ісі бірыңғай цифрлық эко­жүйені құру арқылы тың серпін алады. Сондай-ақ келесі жылы теміржол тасы­малы саласында жасанды интеллект элементтерін пайдалануды көздеп отырмыз. Озық технологияларды қолдану, тасымал тиімділігін айтарлықтай арттырып, өзіміздің және серіктестеріміздің шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тариф саясаты мен кеден рәсімдерін үйлестіру, сондай-ақ Еуразияның бірыңғай цифрлық дәлізін құру арқылы тұтас логистика желісін қамтамасыз ету үшін керек. Нақты шара ретінде тауармен бірге жіберілетін құжаттардың бәрін QR-кодтар арқылы қашықтан тексеру және цифрлық құжаттарды өзара тану механизмін енгізуді ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өнеркәсіп саласындағы кооперацияны тереңдетуді келесі басым міндет ретінде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Еуразиялық бестікке» кіретін елдер экспортының 90 пайызға жуығы аралық тауарлардан құралған.

– Жаһандық технологиялық прогресс жағдайында өндірілетін өнімнің «күрделілігіне» мән беру – өте өзекті мәселе. Сондықтан экономиканың нақты секторындағы технологиялық интеграцияны күшейту қажет. Өздеріңізге мәлім, биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінің қаражаты есебінен өнеркәсіп саласындағы кооперациялық жобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Жоғары деңгейде өңделген тауар өндірісін жолға қойып жатқан озық технологиялық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Әрине, қаржыландыру көздеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің ашық механизмін қалыптастыру – маңызды міндет. Қазақстан өз тарапынан Еуразия кеңістігіндегі өнеркәсіп кооперациясын дамытуға бағытталған дәйекті саясатын жүргізе береді. Қазіргі таңда Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екеніне тоқталды. Бұл сала экономикалық өсімге тың серпін бере алады.

– Ресейлік серіктестердің қатысуымен полипропилен, полиэтилен және бутадиен шығаратын жоғары технологиялық зауыттар салып жатырмыз. Бастапқы шикізаттың бағасынан 20 есе асып түсетін, үшінші деңгейде өңделетін өнім шығару жолға қойылады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды ынты­мақ­тастықтың тағы бір маңызды бағыты деп санайды.

– Еуразия құрлығы әлемдегі өнді­рістік-ресурстық және экспорттық әлеуеті өте мықты аймақтардың бірі екені баршаға мәлім. Әлемде халық саны өсіп, басқа макроөңірлерде ресурстар шектеулі болған жағдайда 600 миллионға жуық адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте Одақтың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі тек күшейе түседі. Біздің стратегиялық мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыру. Ол үшін жасанды интеллект, роботты техника, биотехнология және аграрлық ғылым салаларына негізделген серпінді инновациялық технологияларды енгізу жөнінде келісілген шаралар қабылдау өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде табысты цифрлық трансформация тек жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл өңірдің экономикалық дамуы мен технологиялық дербестігін айқындайтын факторға айналып отыр.

– Бізге жаһандық деңгейдегі «цифр­лық бәйгеде» лайықты орын алып, алдың­ғы қатарда болу маңызды. Цифрлан­дыру саласындағы ынтымақтастық интеграциялық бірлестікті орнықты дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Сондықтан Қазақстан жаппай цифрландыру жағдайында Одақтың «төрт еркіндік» қағидатын дамыту жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның бастамасын қолдайды. Осы ретте, біз жасанды интеллектіге баса мән бере отырып, аймақта барынша жылдам дамып келе жатқан цифрлық экономикалардың бірін құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ЕАЭО құрылғаннан бері 10 жыл ішінде Одаққа мүше мемлекеттер барлық бағыт бойынша таңғаларлық нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның әлеуеті зор екенін ескере отырып, әлі де көп жұмыс іс­теу қажеттігіне назар аударды. Оның пікі­рінше, Қазақстан тең құқықтық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген экономикалық интеграцияны қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкін­дікті пайдалана отырып, жиынға қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтады.

Қазақстан Президентімен қатар саммитке Армения Премьер-министрі – ЖЕЭК төрағасы Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің басшылары – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.