Қаржылық тұзақтардан айналып өтуді үйретті

0 153

Көптеген адамдар жеңіл ақша туралы армандап, кейде тегін ірімшік тек қақпанда ғана болатынын ұмытып жатады. Олар ертегілерге бала сияқты сеніп, соның салдарынан қымбат төлейді. Жеңіл ақша көбінесе ауыр салдарға алып келеді. Ең бастысы – осындай алаяқтықты ұйымдастыратындар заң бұзып, сол үшін қатаң жауапқа тартылуы тиіс.

Қаржылық тұзақ немесе «дроп». Бұл туралы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттеріне арналған семинарда кеңінен айтылды, деп хабарлайды «Aulieatаnews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қыздар мен жігіттерге дроппер деген кім, олардың айла-тәсілдеріне қалай алданбау керек, олар қандай санаттарға бөлінеді және қайсысы ең қауіпті екені жан-жақты түсіндірілді. Студенттер дропперлердің қалай жұмыс істейтінін де білді. Мысалы, оларға оңай ақша табуды ұсынған хабарлама келеді. Алғашында бәрі оңай көрінеді – банк картасынан белгілі бір соманы шешіп, соның бес мың теңгесін өзіңе қалдырасың. Қалғанын «жұмыс берушінің» көрсеткен есепшотына жіберу керек. Студенттер көбіне ата-анасына көмектескісі келеді, сондықтан қосымша табыс іздеп жүріп, осындай тұзаққа түсуі мүмкін. Бұл – ештеңе істемей-ақ айына 300-500 мың теңге табыс табуды ұсынатын сансыз мысалдың бірі ғана.

Сондықтан да, көпшілігі бұндай табыс түрі қауіпті емес деп ойлап, келіседі. Өкінішке қарай, олар бұл әрекеттің болашақтағы салдарын түсінбейді.

Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Студенттердің алаяқтық әрекеттерге тартылған мысалдары көп. Соның салдарынан олар оқудан шығарылып, сенімсіз тұлғалар тізіміне ілінген.

Сондықтан семинар барысында модераторлар алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше кеңес айтты. Мәселен, жеңіл әрі жылдам табыс туралы күмәнді хабарламаларға ешқашан жауап беруге болмайды. Өз банк карталарыңыздың жеке деректерін ешкімге бермеңіз. Жұмыс іздегенде жұмыс берушінің интернеттегі пікірлеріне мұқият назар аудару қажет. Сонымен қатар, банк карталарының құпия сөздерін үнемі ауыстырып отыру керек. Соңында, банк карталарыңызға қол жеткізуді болдырмау үшін белгісіз сілтемелерге өтпеу ұсынылады.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен бұл семинар барлық қатысушылар үшін пайдалы болды. Ұйымдастырушылар студенттердің барлық сұрақтарына жауап беріп, олардың дұрыс қорытынды жасап, болашақта заң бұзуға алып келетін «жеңіл» табысқа келіспейді деп үміт білдірді.