Профилактиканы күшейту – қылмыстың азаюына ықпал етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, стратегиялық басымдықтардың бірі – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов БАҚ-та жарияланған баяндамасында 2025 жылдың алғашқы үш айында еліміздегі қылмыс деңгейі 5,8%-ға төмендегенін (35 320-дан 33 279 құқық бұзушылыққа дейін) атап өтті. Бұл – тек жазалауға емес, ең алдымен алдын алуға бағытталған құқық қорғау органдарының жүйелі профилактикалық жұмысының нәтижесі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Айтарлықтай төмендеу мынадай бағыттарда байқалды:
-
ұрлық – 29,3%-ға азайған,
-
бұзақылық – 32,6%-ға төмендеген,
-
мал ұрлығы – 27,6%-ға азайған,
-
жеңіл дәрежедегі қылмыстар – 11,9%-ға қысқарған,
-
аса ауыр қылмыстар – екі есе азайған.
Берік Асылов: «Профилактика тиімді болса – қылмыс болмайды. Бұл – құқықтық тәртіптің шынайы көрінісі», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, адамдар нақты нәтижені көруі тиіс: аулаларда тыныштық, көшеде қауіпсіздік, балалар үшін жайлы орта.
Дегенмен, кейбір өңірлерде қылмыс өсімі тіркелген:
-
Шымкент қаласы – +25,8%,
-
Жамбыл облысы – +21%,
-
Ұлытау облысы – +13,6%,
-
Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында – орташа өсім.
Бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, нақты бағытталған жұмысты жүргізу қажет.
Қылмыспен күресте үйлестіруші орган ретінде прокуратура әрбір ведомствоның жұмысы үшін нақты есептілікті қамтамасыз етуді көздейді.
Аумақтық прокурорлар мемлекеттік органдардың әрекет ету тәсілдеріндегі ала-құлалықты жоюы, олардың өзара іс-қимылы мен келісімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
Алаяқтық қылмыстары 3,9%-ға азайған, келтірілген жалпы залал – 41,4 миллиард теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседен көп төмендеген көрсеткіш (2024 ж. – 93,7 миллиард теңге).
Оның ішінде 11,7 миллиард теңге өтелді, бұл – былтырғы деңгейге жуық. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай күшейтіледі.
Әрбір қылмыстық істің артында – жәбірленушінің тағдыры тұр. Сондықтан, кінәлілерді жазалаумен қатар, әділеттілікті қалпына келтіру де маңызды.
2025 жылдың бірінші тоқсанында есірткі айналымына қарсы күресте жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізілді.
Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың бірлескен әрекеттері нақты нәтижелерге жеткізді:
есірткіге қатысты қылмыстар 14%-ға, олардың ішінде сату фактілері 13%-ға артты, сотқа 1,5 мыңнан астам іс жолданды,
3,3 тоннадан астам есірткі заттары, оның ішінде героин, гашиш, марихуана және синтетикалық заттар тәркіленді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Арнайы прокурорлар ірі наркобизнес істерін тергеп жатыр.
«Ақшаның ізімен жүр» қағидасы аясында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді:
үш ай ішінде 12 мыңнан астам жалған тұлғалар («дропперлер») атына ашылған банк шоттары бұғатталды,
олар арқылы 2,1 миллиард теңгеден астам есірткі кірістері айналымда болған.
5 миллиард теңгеден астам мүлік пен 6 миллион АҚШ доллары көлеміндегі криптовалютаға тыйым салынды.
– Профилактика – жай формальдылық емес. Бұл – қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар, – деп қорытындылады ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.