Полицейлер көлге батқан жасөспірімді құтқарып қалды

0 7

Адам өмірін арашалау – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін іс. Төтенше жағдайда жедел шешім қабылдап, өзгенің өміріне араша түсу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тараз қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде көлге батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді құтқарған патрульдік полицейлердің әрекеті осының айқын дәлелі болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Оқиға туралы хабарлама «102» арнасына келіп түскен. Қала тұрғыны көлге жасөспірімнің батып бара жатқанын айтып, шұғыл көмек сұраған. Хабарды алған тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жеткен.

Полицейлердің анықтауынша, жасөспірім балық аулап жүріп, абайсызда суға құлап кеткен. Көлге түскен ол тасқа ілініп қалып, өздігінен жағаға шыға алмай, көмекке мұқтаж болған. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген полиция аға лейтенанты Маханбет Шаянбаев пен полиция лейтенанты Қасымхан Қалаубек бір сәт те кідірместен суға секіріп, жасөспірімді аман алып шыққан.

Құтқарылған жасөспірім облыс орталығының 16 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Полицейлер оған алғашқы көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Қуаныштысы, қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы жақсы.

Баласының аман қалғанына қуанған ата-анасы тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын білдірген. Олардың жедел әрекеті мен батылдығы қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.

Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қиын сәтте адам өмірін сақтап қалуға да дайын екенін көрсетті. Өз өмірін қатерге тігіп, жасөспірімді ажал аузынан арашалаған тәртіп сақшыларының ісі – нағыз ерліктің үлгісі.