«Павлодар-Түркістан» пойызында сәби дүниеге келді

0 1 303

«Павлодар-Түркістан» бағытындағы жолаушылар пойызының екі жолсерігі толғағы қысқан жолаушы әйелді аман-есен босандырып алды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айы-күні жеткен Зейнеп Әбдікәрімова №46 пойызға мініп, анасымен бірге Павлодардан Түркістанға аттанып бара жатқан. Келіншек жолда толғата бастаған. Вагонның екі жолсерігі Анар Амандықова мен Назерке Талғарбаева әйелді аман-есен босандырып, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қыз бала 10 сәуірде сағат 16:30-да дүниеге келді.

«Пойыз бригадасы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырған. Сары-Шаған станциясына жеткенде, жас ана мен қыз баланы жедел жәрдем қызметкерлері қабылдап алды. Жаңа туған нәрестенің есімін Мереке деп атаған», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 13 сәби дүниеге келген.