Отан алдындағы абыройлы борыш

0 5

Алматыда орналасқан 42-десанттық-шабуылдау арнайы мақсаттағы бригада сарбаздары – ел тыныштығын күзетіп тұрған айбынды жас азаматтар.

Бүгінгі таңда әлемдік тұрақсыздық пен түрлі қауіп-қатерлер жағдайында Отан алдындағы әскери борыштың маңызы арта түсті. Әскери қызмет – бұл тек заңмен бекітілген міндет емес, сонымен қатар нағыз патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының «Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы» Заңына сәйкес, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін қорғау – әрбір азаматтың борышы. Бұл жауапты міндетті күнделікті атқарып жүргендердің қатарында – Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы 42-десанттық-шабуылдау арнайы мақсаттағы бригадасының сарбаздары.

Жуырда аталмыш бригадаға Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол Шу ауданынан шақырылған жас сарбаздардың жағдайымен танысып, олардың жауынгерлік рухына алғыс білдірді.

Қонақты 38-десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Даурен Төлебаев қарсы алып, әскери бөлімнің аумағын таныстырып, сарбаздардың күнделікті өмірі мен дайындығы туралы кеңінен айтып берді.

– Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті қажет етеді. Бұл жігіттер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел жастарына үлгі болуда, – деді Найман Сұлтанбаев.

Бұл әскери құрылым – еліміздің Қарулы Күштеріндегі ең жауынгерлік қабілеті жоғары бөлімдердің бірі. Мұндағы сарбаздар арнайы даярлықтан өтеді: парашютпен түрлі жағдайда секіру, жау тылында операция жүргізу, әскери техникамен десанттау, сондай-ақ теориялық және практикалық сабақтар арқылы мықты физикалық әрі моральдық дайындықтан өтеді.

– Біз сарбазды жай ғана бұйрық орындайтын жауынгер емес, өз бетімен шешім қабылдай алатын, тәртіпті әрі сенімді азамат ретінде қалыптастырамыз. Әрбір секіріс пен жаттығу – оларды шынықтырып, нағыз ер-азамат ретінде тәрбиелейді, – дейді бригада басшылығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Даурен Төлебаев.

Найман Сұлтанбаевтың сапары көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында ұйымдастырылды. Бұл науқан Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 ақпандағы № 782 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылуда. Шақыру екі кезеңде өтеді: көктем (наурыз–маусым) және күз (қыркүйек–желтоқсан) айларында.

Ағымдағы жылы Шу ауданынан 150 азаматты әскерге жіберу жоспарланған. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жоспар (144 адам) артығымен орындалып, 148 жас сарбаз әскерге аттанған, яғни 103 пайыз орындалған.

Ал, 42-десанттық-шабуылдау бригадасында Шу ауданынан биыл 21 азамат қызмет етуі тиіс болса, қазіргі уақытта бұл бөлімде 18 сарбаз борышын өтеп жүр. Жоспардың 86 пайызы орындалғанын көрсетеді.

– Әскер – тек міндет емес, ол – нағыз ерлік мектебі. Біз осындай элиталық бөлімде қызмет етіп жатқан жерлестерімізді мақтан тұтамыз, – деді Найман Сұлтанбаев сапар барысында сарбаздарға арнаған сөзінде.

Әскери бөлімдер, оның ішінде стратегиялық маңызы зор 42-десанттық-шабуылдау бригадасы – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тіректерінің бірі. Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып, Қарулы Күштерін жаңғырту мен жастарға патриоттық тәрбие беруге ерекше мән беріп келеді.

Аудан әкімдігі өкілдерінің осындай сапарлары – қоғам мен армия арасындағы тығыз байланыстың айғағы. Бұл – тыныштықты күзетіп тұрған сарбаздарға көрсетілген құрмет пен қолдаудың нақты көрінісі.

– Шу ауданынан келген сарбаздар тәртіптілігімен, үлкендерді құрметтеуімен және білімге құштарлығымен ерекшеленіп тұрады. Мұнда олар өз әлеуетін ашуға мүмкіндік алып отыр, – деді Даурен Төлебаев.

Бүгінгі әскери қызмет – дене дайындығы мен қару ұстауды ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті, бірлік пен ерлікті де талап етеді. Десанттық-шабуылдау әскерінде борышын өтеп жүрген жастар – болашақтың берік тірегі, елдің сенімді қорғаушылары.