ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ-ОРТАҚ МІНДЕТ
«Шолақтау» тау-кен өндеу кешеніне қарасты «Ақсай» әктасы мен «Шолақтау» доломит кен орындарын игеру жөніндегі «тау-кен жұмыстарының жоспары» және «жою жоспарларын» қоршаған ортаны қорғау бөлімдерімен қарастыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Шараға облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің мамандарымен қатар, қоғамдық бірлестіктің өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Қоғамдық тыңдауға төрағалық жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мемлекеттік экологиялық сараптама бөлімінің бас маманы Серік Ағабек күн тәртібінде көтерілген мәселемен таныстырды.
Жиында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жер қойнауын және суды пайдалану бөлімінің басшысы Мұрат Мақаев «Шолақтау» және «Ақсай» кен орындарының өндіріс қуатына туралы баяндап берді.
— Өндіріс кешеніндегі «Ақсай» кен орны жылына 15 мың тонна әктасын өндірсе, «Шолақтау» карьерінде 10 мың тонна доломит шығарылады. Өнімнің бұл түрі негізінен шыны өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылады. Қазіргі таңда өнімге Алматы тапсырыс беріп жатыр. Қызылорда шыны зауыты да қызығушылық танытып жатқанын айта кетуіміз керек, — деді Мұрат Арқабайұлы. Сондай-ақ, өз кезегінде өндіріс орнының орналасқан аумағындағы табиғат жағдайына сипаттама берген «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Ануар Баймұханов белгіленген талаптарға сәйкес қолға алынған қауіпсіздік шараларына тоқталды.
Жасалған баяндамаларға қатысты пікір білдірген Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Юрий Пасечный кен игерудің тиімділігін арттыру арқылы, қоршаған ортаны қорғау қажеттігін еске салды. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін заң нормаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырып, ондағы белгіленген санаттарды түсіндірді.
Мұнан соң жарыссөзге шыққан Қаратау ауылдық округінің әкімі Асхат Малташов, Қасқабұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махмед Тимиров, Қарой ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуатбек Жолмұхаметұлы «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің басшылығы тарапынан елді мекендерге көрсетіліп жатқан көмектерге ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов кәсіпорынның алдағы жұмысына табыс тіледі.
Aulieatanews, Талас ауданы.