Нұржан Календеров Шу ауданының әкімі болып тағайындалды

0 50

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісім бойынша Нұржан Календеров Шу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы таныстырды.

Ол ауданның бұрынғы әкімі Жарылқасын Айтақовтың өз өтініші бойынша қызметінен босағандығын жеткізді.

Бекболат Орынбеков Нұржан Календеровтің мемлекеттік қызметте, оның ішінде басшылық қызметтерде болып, мол тәжірибе жинақтағанын, өз ісінің білікті кәсіби маманы екендігін тілге тиек етті.

Облыс әкімдігі ауданның жаңа басшысының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіпті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеп отыр.

Өз кезегінде Нұржан Календеров аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғысын жеткізіп, алдағы уақытта Шу ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.

Тұрғындар атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы жаңа әкім ауданды одан әрі шырайландыра түссе деген ниетін жеткізді.

Нұржан Сәбитұлы Календеров 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1997 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы «Арнабол» ЖШС-де қарпайым есепші болып бастаған.
Тараз қалалық «МЗТО» бөлімінде аға маман, «МЗТО» Жамбыл облыстық филиалындағы бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас маманы, бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары, қаржы басқармасының басшысы, Жамбыл және Қордай аудандарының, Тараз қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы қызметтерін атқарған.

2019 жылдың сәуірінен бастап бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етіп келді.