Мобильді интернетке қолжетімділігі ең төмен өңірлер аталды

0 17

Қазақстанда мобильді интернетке қолжетімділік артып келеді. Дегенмен өңірлер арасында цифрлық теңсіздік әлі де байқалып отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, еліміздегі үй шаруашылықтарының 96,7 пайызы мобильді интернетті пайдалана алады. Былтыр бұл көрсеткіш 96,2 пайыз болған.

Зерттеу нәтижесі бойынша Абай, Атырау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында мобильді интернетке қолжетімділік 100 пайызды құрады.

Орташа республикалық деңгейден жоғары көрсеткіш Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында тіркелген.

Ал ең төменгі көрсеткіш Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Ақмола облысында үй шаруашылықтарының небәрі 81,2 пайызы ғана мобильді интернетке қол жеткізе алады. Яғни өңірдегі әрбір бесінші отбасы интернетсіз отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш – 86,8 пайыз, ал Батыс Қазақстан облысында – 90 пайыз. Сонымен қатар Қызылорда, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарында да көрсеткіш республикалық орташа деңгейден төмен. Бұл өңірлерде мобильді интернетке қолжетімділік 90-96,6 пайыз аралығында қалыптасып отыр.