Меркіліктер өнер көрсетті

0 53

Баршамыз тұғыры мықты болуын тілейтін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен сөз зергерлері саналатын ақиық ақындарымыз Ж.Жабаевтың 175, ал, М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік толғауы» атты Меркі ауылдық округі өнерсүйер қауымының концерттік бағдарламасы аудандық Мәдениет үйінде болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Аталған қара шаңырақтың фоэсінде округтегі бесаспап қолөнер шеберлері мен көз жауын алар жұмысына жүре қарау мүмкін емес ісмерлер дайындаған ұлтымыздың бай дәстүрінен хабар беретін бұйымдар көрмесі қойылыпты. Олардың ішінде, әсіресе, Зәуре Бейсенбаева жетекшілік ететін «Үміт» оқушылар сарайы үйірмелерінің таңғажайып заттарының шоқтығы биік тұрғанын да айта кетуіміз абзал.

Қ.Жандарбеков атындағы №1 музыка мектебінің оқушыларыдайындаған А.Жұбановтың «Би» күйі арқылы арғымақ өнердің басын босатқан меркіліктер алдына округ әкімі Ғазиз Байарыстан шығып, тағдыры ортақ тұтас елдің өнер жиынтығы арқылы ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайта беруге шақырды.

Сонымен, құрсаудың темір қорғаны теңселіп, азаттықтың айшықты белесіне шыққанымызға биыл 30 жыл толуына орай өткен концертте сахна төріне шығу мәртебесіне ие болған, өнері бар ұжымдар арасында «Балдәурен» балабақшасының тәрбиеленушілері түрлі музыкалық аспаптарымен тамаша ән шырқап, айды аспанға бір-ақ шығарса, алдыңғы толқын – «Береке» әжелер тобы да сызылта ән салып, шабыттарының «шаңқаптырмайтынын» байқатты. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жолы да үміттіктердің бәсі жоғары тұрды. Олар тартулаған сүйінші сұрап, бесікке салу көрінісі (суретте), «Қырғыз» бен «Якут», «Ретро» билері, оқыған көркемсөздері мен «Өз елім» әні талғамы жоғары көрерменнің талқысынан «талықсымай» өтті.

Округтегі №№ 39 бен 17-ші мектептердің өнерпаздары да «өнерде бар таласым!» деген делебені арттырар девизбен, тиісінше, Жамбыл, Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Ложкари» ансамблі болса, аты айтқандай, қасық қағу арқылы зал ішін әсем әуенімен тербетті.

№1 музыка мектебінің жыр сүлейлері мен дарынды өрендері де бүгінгі өнер кешінің кесесімен барша жұртқа зәмзәм суын тартқандай әсер қалдырды. Оқушылар ұсынған «Кан-кан» шығармасы ауданымызда теңдессіз деп табылатыны анық. Ал,
мектеп педагогы Олжас Жұмановтың орындауындағы Мұқаңның «Фариза қыз» өлеңі Оңғарсынова жайлы бейнебаянмен астарласа өрілсе, «Адай» күйін төгілткен 30 домбырашы ұландардың саны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сай келуін де аталған ұжымның ұтымды жол таңдағаны деп білдік.

Міне, концерттік кешті қорытындылау мақсатында, сахна төріне сарапшылар тобының мүшелері – ақын апамыз Шырын Мамасерікова, Меркі ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Әметқұлов және аудандық мәслихаттың депутаты Үрияхан Мамиковалар шықты. Олар еңсесі биік, тұғыры нық, ырыс пен ынтымағы һәм береке мен бірлігі жарасым тапқан Тәуелсіз елдің ұрпақтарынан күткендері де осындай көркем өнер екеніне тоқталған соң, оң баға беріп, сәттілік тілесті.