Меркіде көкпардан ашық турнир өтті
Меркі ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту және жастар арасында отансүйгіштік рухты нығайту мақсатында көкпардан командалық ашық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Биылғы жарыстың ерекшелігі – ол тек спорттық дода емес, жүректі тебіренткен тағзым шарасына айналды. Турнир өткен жылы республикалық чемпионаттан жеңіспен оралып келе жатып, жол апатынан қаза болған жерлестеріміз Нүркен Төлегенов, Рауан Бақытбек және Нүртілеу Исрайлдың жарқын бейнелеріне арналды. Олар көкпар спортының дамуына зор үлес қосып, ел намысын абыроймен қорғаған азаматтар еді.

Аламанға еліміздің әр аймағынан барлығы он үш команда қатысып, үздік ат шабандоздары мен көкпаршылар бақ сынады. Павлодар мен Шымкент қалаларының құрамалары, сондай-ақ облысымызың бірнеше ауданынан келген спортшылар дода көрігін қыздырды. Жарыстың жалпы жүлде қоры алты миллион теңге көлемінде белгіленді.
Турнирдің ашылу рәсімінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Көкпар – тек спорт емес, халқымыздың ежелгі дәстүрі мен батырлық болмысын танытатын ерекше ойын. Мұндай жарыстар жастарды ерлікке, табандылыққа және елге деген сүйіспеншілікке баулиды. Бүгінгі турнир – рухымыздың мықтылығын, елдігіміздің тұтастығын көрсететін маңызды шара, – деді ол.
Сонымен қатар, турнирге Қазақстан Республикасы Көкпар федерациясының атқарушы директоры Ғани Дүйсенов, белгілі бапкер Қуан Құрамаев және ұлттық спорттың жанашыры Дәулет Жұмабай арнайы келіп, спортшылар мен жанкүйерлерге ізгі тілектерін білдірді. Олар өз сөздерінде ұлттық ойындардың ұлт болмысындағы орны мен жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Финалдық кезең тартысты өтті. Ат тұяғының дүбірі мен делебені қоздырған шабандоздардың айқасы алаңды думанға бөледі. Қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындық пен шеберліктерін көрсетіп, көрермен қауымға нағыз ұлттық спорттың көрінісін ұсынды.
Жарыстың қорытындысы бойынша үздік деп танылған командалар мен жекелеген ойыншыларға облыс және аудан басшылығының, сондай-ақ Көкпар федерациясының атынан ақшалай сыйлықтар мен арнайы марапаттар табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сый-сияпаттар, ұлттық дәстүр бойынша тартулар жасалды.
Финалдық ойынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов пен ҚР Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Ходжаназаров қатысып, спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
– Көкпар – халқымыздың рухын асқақтататын, елдікті айқындайтын ерекше ойын. Мұндай жарыстар тек спорттық дода емес, рухани тәрбие мен патриоттық сана қалыптастыратын маңызды іс-шара. Меркі ауданының бұл жеңісі – бүкіл Жамбыл жұртының ортақ қуанышы, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Турнир барысында қаза болған спортшылардың рухына тағзым етіліп, қатысушылар олардың ерлігін, адалдығын және елге деген сүйіспеншілігін құрметпен еске алды. Бұл дәстүрлі іс-шара алдағы уақытта да жыл сайын өткізіліп, көкпар спортының дамуына серпін бермек.
Меркі жерінде өткен көкпар тойы нағыз ел бірлігінің, ұлттық рухтың мерекесіне айналды. Ат үстіндегі айқас пен намыс додасы көрерменге ерекше әсер қалдырып, елдік пен ерліктің қадірін ұғындырды.
 
			