Мемлекет басшысы Қаржы министрін қабылдады

0 692

Мемлекет басшысы Қаржы министрі Мәди Тәкиевті қабылдады. Президентке мемлекеттік қаржының негізгі параметрлері, оның ішінде биылғы І тоқсанда жұмсалған республикалық бюджет қаражаты туралы есеп берілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы ретте 3 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4,5 триллион теңгеге жуық кіріс кірген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнімсіз бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Мәди Такиевтің айтуынша, жүргізілген сараптама нәтижесінде биыл 300 миллиард теңгеден астам соманы қысқарту ұсынылған. Бұл қаражат экономикалық қайтарымы барынша жоғары шараларға жұмсалады.

Мемлекет басшысына бюджетті басқару тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Аталған шаралар жаңа Бюджет кодексіне енгізілген.

Бұдан бөлек Президентке салықтық-кедендік әкімшілендіру ісіндегі жаңа бастамалар таныстырылды. Министрдің айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілген, тексерулер санын қысқарту жөніндегі нормалар қарастырылған, камералық бақылау және салық берешегін өндіріп алу тәсілдері өзгертілген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен кедендік шекарасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Жобаның жүзеге асырылуы өткізу мүмкіндігін 6 есеге дейін ұлғайтып, өту уақытын 2 есе қысқартуға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын тексеру ісін тәулік бойы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Барлық өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстарын жыл соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Мәди Такиев мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау жоспары жөнінде айтты. Оның мәліметінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң жобасында сатып алу рәсімдерін жеңілдету және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығында монополияға жол бермеу, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымның сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру көзделген.

Кездесу соңында Президент мемлекеттік қаржының жағдайын жақсарту, атап айтқанда, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларын цифрландыру арқылы жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.