Кәмелетке толмағандардың істері жөнінде кезекті комиссия отырысы өтті
Жамбыл облысы, Меркі аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлының төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Комиссия отырысына аудандық прокуратура, құқық қорғау органдары мен білім саласының қызметкерлері, ауыл әкімдері, бөлім басшылары және учаскелік инспекторлар қатысты.
Күн тәртібінде алдыңғы комиссия отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандар және жайсыз отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған іс-шаралар қаралды.
Комиссия хатшысы Қарлығаш Шырышбаеваның баяндауынша, 2024 жылдың 3 айында комиссияның 5 отырысы өткізіліп, жоспарға сай 8 мәселе қаралса, кәмелетке толмағандарға қатысты 14 мәселе қаралып, 4 қаулы, 15 шешім шығарылған. Жалпы, 36 хаттамалық тапсырма беріліп, мерзімдеріне сәйкес 33 тапсырма орындалып, 3 тапсырма орындалуда екен.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға инспекторлары Динара Омарованың мәліметіне сәйкес, осы жылдың үш айында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық деректер тіркелмеген.
Ал аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақытжан Құлтаевтың айтуынша, бірінші тоқсанда білім бөлімі және аудандық полиция қызметкерлері бірлесіп 40 және аудан мектептері тарапынан 360 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 215 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар «Қауіпсіз мектеп моделі» және құқықтық кеңес жұмысы бойынша №1 және №20 мектеп директорларының орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Мейірхан Азатұлы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне және олардың әртүрлі ойын-сауық орындарында жұмыс істеуіне жол бермеу мақсатында жауапты мекеме қызметкерлерінің бірлесіп, жүйелі жұмыс жасауы маңызды екенін айтты. Осы бағытта кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және мұндай жағдайға жол берген балалардың ісін құқықтық кеңесте қарауды тапсырды.
Комиссия күн тәтібіне сәйкес, мектеп басшылары тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиналысты қорытындылай келе, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нақтыланып, тиісті шешімдер қабылданды.